АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп елдің бұрынғы президенті Джо Байденнің ұлы Хантер Байденге 1 млрд доллардан астам өтемақы талап етіп, сотқа беретінін ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Fox News-ке сілтеме жасап.
Бұған Хантердің Мелания мен Дональд Трампты атышулы қаржыгер Джеффри Эпштейн таныстырғаны жөніндегі мәлімдемесі себеп болды.
Хантер Байден бұл туралы режиссер Эндрю Кэллагэнге берген сұхбатында айтып, Трамптар жұбын Эпштейннің таныстырғанын алға тартқан.
Мелания Трамптың адвокаты Байден мен оның қорғаушысына ресми хат жолдап, бұл сөздерді "жалған, ар-намысқа тиюші, жала және арандатушылық" деп атады.
Бірінші ханымның тарапы Хантер Байденнен өз сөзін теріске шығаруды және кешірім сұрауды талап етті. Әйтпесе, "1 млрд доллардан астам сомаға" сотқа берілетінін ескертті.
Талаптарды орындамау ханым Трампты сіз келтірген орасан зор қаржылық және беделдік залалды өтеу үшін барлық заңды құқықтары мен қорғау құралдарын пайдалануға мәжбүрлейді, - делінген бірінші ханымның адвокаты жазған хатта.
Айта кетейік, 2019 жылы Джеффри Эпштейн кәмелетке толмағандарды жыныстық қанау мақсатында саудалау ісі бойынша федералдық айыппен қамауға алынған. Алайда сот басталғанға дейін түрме камерасында өз-өзіне қол жұмсаған.
Ресми түрде оның өлімі суицид деп танылды. Дегенмен, Дональд Трампты қолдаушылардың бір бөлігі Эпштейнді ықпалды тұлғалардың кәмелетке толмаған қыздарға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық фактілерін әшкерелемеуі үшін өлтірді деп есептейді.