АҚШ-тың 5 млрд долларлық «алтын визасын» қанша адам сатып алғаны белгілі болды

23 Наурыз 2025, 17:37
1234
Бөлісу:
АҚШ-тың 5 млрд долларлық «алтын визасын» қанша адам сатып алғаны белгілі болды
Фото: Oxana Melis/Unsplash

АҚШ бір күн ішінде 1000 «алтын виза» сатып, жалпы сомасы 5 миллиард доллар пайда тапты. Бұл туралы АҚШ-тың сауда министрі Говард Лютник All In подкастының эфирінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның айтуынша, әлемде «алтын визаны» сатып алуға қабілетті 37 миллион адам бар. 

Мен олардың сатып алатынын айтып тұрған жоқпын, бірақ олар сатып алуға қабілетті, – деді министр.

Ол сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамп бұл визаны 1 миллион адам сатып алады деп үміттенетінін айтты, бұл ел экономикасына 5 триллион доллар әкелуі мүмкін.

Говард Лютниктің айтуынша, «алтын визалардан» түскен қаражат бюджет тапшылығын азайтуға жұмсалады.

«Алтын визаны» 5 миллион долларға сату жоспарын АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылдың ақпан айының соңында жариялады.

Біз алтын карта сатамыз. Грин-карта бар, ал бұл – алтын карта. Оның бағасын шамамен 5 миллион доллар деп белгілейміз, және бұл карта иелеріне грин-картаның барлық артықшылықтары беріледі, сонымен қатар азаматтық алуға жол ашады. Бай адамдар бұл картаны сатып алып, біздің елге келеді», – деді Трамп.

Сол кезде ол «алтын визаны» ресейлік кәсіпкерлер де ала алатынын айтты.

Сауда министрі «алтын карта» АҚШ-та 1992 жылдан бері қолданыстағы EB-5 визалық бағдарламасының орнын басатынын нақтылады. EB-5 бағдарламасы арқылы АҚШ-қа инвестиция салған шетелдік кәсіпкерлер иммиграциялық виза ала алады. Бұл визаға ие болу үшін шетелдік инвесторлар жұмыссыздық деңгейі жоғары аймақтарда немесе ауылдық жерлерде кемінде 800 мың доллар, ал басқа аймақтарда кемінде 1,05 миллион доллар инвестиция салуға тиіс болатын.

Өзгелердің жаңалығы