АҚШ аумағын шарпыған қысқы дауыл салдарынан кемінде 26 адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
New York Post басылымының мәліметінше, қаза болғандардың бір бөлігі қар күреу кезінде көз жұмса, енді біреулері көлікке байланып сырғанау кезінде жазатайым жағдайға ұшыраған.
Қаза тапқандардың арасында шанамен сырғанаған екі жасөспірім бар, – делінген хабарламада.
Басылым бірқатар қайғылы оқиғаларды келтіреді. Мәселен, 16 жастағы қыз құрбысымен бірге көлікке байланып шанамен сырғанаған. Бір сәтте олар басқаруды жоғалтып, ағашқа соғылған. Бұл аймақтағы қолайсыз ауа райына байланысты болған қайғылы оқиғалардың алғашқысы ретінде тіркелді.
Сондай-ақ Нью-Йоркте 60 жастағы ер адам шіркеу аумағында қар тазалау кезінде көз жұмған. Ал Пенсильвания штатында жасы 60 пен 84 аралығындағы үш адам қар күреу барысында қайтыс болған.
Шетелдік БАҚ мәліметінше, дауыл салдарынан 1 миллионнан астам адам электр қуатынсыз қалған, 16 мыңнан аса әуе рейсі тоқтатылып, тағы мыңдаған рейс кейінге шегерілген. Сонымен қатар елдің едәуір бөлігінде қатты аяз орнап, ол аптаның басына дейін жалғасуы мүмкін деп болжануда.