Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі алты елдің – Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан елшіліктерімен бірлесіп, «Oxus society» ой-талқы орталығының алаңында Наурыз мейрамын онлайн формата тойлады.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Америкалық қонақтар атынан АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, USAID Халықаралық даму агенттігінің әкімшісі Саманта Пауэр, Ауғанстан, Пәкістан және Орталық Азия бойынша Қорғаныс министрі көмекшісінің орынбасары Ребекка Зиммерман және АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Грегори Микс сөз сөйледi.
Iс-шараны ашқан Э.Блинкен, Наурыз өткенді саралап, іштей жаңарып, болашаққа үмітпен қарауға мүмкіндік беретінін айтты.
Биылғы жыл үлкенді-кішілі қиындықтарды аяқтап, жаңа жыл баршаға береке, бейбітшілік және гүлденудi әкеледі деп сенемін, - деді Мемлекеттік хатшы.
С.Пауэр өз тарапынан «көзге көрінетін және көрінбейтін қиындықтарға қарамастан, бізді ортақ құндылықтар біріктіреді: тәуелсіздік, бостандық және балаларымыз үшін жарқын келешек құруға деген ұмтылыс. USAID Орталық Азиядағы достарымызбен жарқын болашақ үшін жұмыс істеуге дайын» - деп атап өтті.
Р.Зиммерман АҚШ Қорғаныс министрі атынан құттықтап, биыл Америка Құрама Штаттарының аймақ елдерімен саяси және әскери қарым-қатынастар орнатуының 30 жылдығын атап өтіп жатқанын айтты.
Аумақтық тұтастық пен егемендікті қолдау біздің қарым-қатынастарымыздың негізі болды және болып қала береді. АҚШ Орталық Азиядағы әріптестерді жоғары бағалайды және олардың бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өңірлік ынтымақтастыққа қосқан үлесін растайды, - деп түйіндеді сөзін Р.Зиммерман.
Г.Микс Наурыз мейрамы ортақ мәдениеттер, мұралар мен құндылықтардың бай тарихын бiлдiретінін ерекше атап өтті.
Әртүрлі қауымдастықтар арасындағы мәдени әртүрлілік пен достықты көрсете отырып, Наурыз мейрамын тойлау бейбітшілік пен ынтымақтастық құндылықтарын насихаттайды, - деді ол.
Іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің кеңесшi-уәкілі Рауан Тілеулин елімізде Наурыз мерекесін тойлаудың ұлттық ерекшеліктеріне тоқталды.
Наурыз – табиғаттың жаңаратын ерекше мезгілі, бейбітшілік, ізгілік пен келісім мерекесі. Наурызды атап өтетiндер үшін осы санаулы күндерде өткен жылға ризашылықпен қарап, болашаққа сенiммен қарауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті қазақстандық дипломат.
Құттықтаулар соңында қатысушыларға Қазақстанның табиғаты, мәдениеті және салт-дәстүрлері туралы бейнеролик ұсынылды.