АҚШ-тың Флорида штатына өңірде соңғы 100 жылда болмаған ең сұрапыл «Милтон» дауылы соққы берді. Қазақстан елшілігі АҚШ-тағы отандастардың назарына хабарландыру берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бастапқыда күші 5-ші санатта болған дауыл штатқа жеткенде 2-категорияға дейін бәсеңдеген. Қазір желдің жылдамдығы сағатына шамамен 200 шақырымға жетті. Миллионнан астам тұрғын электр жарығынсыз қалған.
Бұған дейін АҚШ-тың Ұлттық дауылдар орталығының мәліметіне сәйкес, 10 қазанға қараған түні, шамамен сағат 01:00-02:00-де Мексика шығанағының оңтүстігінде басталған «Милтон» дауылы Флорида штатының батыс жағалауына соғуы мүмкін екендігін хабарлаған.
Сондай-ақ дауыл Джорджия және Оңтүстік Каролина штаттарының кейбір аумақтары арқылы өтуі мүмкін.
Флорида штатының жергілікті билігі бірнеше округте міндетті эвакуация шараларын жариялады (ақпарат сілтемеде: https://www.floridadisaster.org/evacuation-orders/). Барлық тұрғындар табиғи апат қаупі туындаған жағдайда эвакуацияға дайын болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі жергілікті биліктің нұсқауларын мүлтіксіз орындауға шақырады. Көмек қажет болған жағдайда елшілікке дереу хабарласуларыңызды сұраймыз, - деп жазылған мәліметте.
Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігінің тәулік бойы «жедел желісі»:
+1 202 595 6467
+1 626 251 6253