АҚШ-та жүк көлігі футбол ойнап жүрген балаларды қағып кетті: қаза тапқандар бар

Полицияның нақтылауынша, жүк көлігінің тізгінінде 34 жастағы әйел болған. Оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатқандығы айтылды.

 Reuters 18 Қазан 2026, 08:12
18 Қазан 2026, 08:12
112
Фото: Reuters

АҚШ-тың Уичито қаласында жүк көлігі балалар футбол матчы өтіп жатқан алаңға соғылды. Салдарынан алты жасар бала мен 35 жастағы ер адам қаза тауып, тағы 10 адам түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Белгілі болғандай, жүк көлігінің кабинасында балаларымен бірге әйел болған. Бұл туралы BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Уичито қалалық полициясының капитаны Аарон Мозестің баспасөз мәслихатында мәлімдеуінше, алты жасар бала мен 35 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмған.

Жарақат алғандардың арасында бес жастағы екі бала, сегіз жастағы екі бала, тоғыз жастағы бір бала және бес ересек адам бар. Бұлардан бөлек, тағы бір ересек адам жарақатына қатысы жоқ денсаулығының нашарлауына байланысты ауруханаға жатқызылған.

Полицияның нақтылауынша, жүк көлігінің тізгінінде 34 жастағы әйел болған. Оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатқандығы айтылды.

Уичито қалалық полициясының басшысы Джо Салливан оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Біз не болғанын білеміз. Бірақ қазір оқиғаның неліктен болғанын анықтау үшін жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз. Әзірге түпкілікті қорытындыға келген жоқпыз, – деді ол.

Белгілі болғандай, әйел жүргізушінің өз баласы да осы спорт кешенінде футбол ойнаған. Оқиға кезінде жүк көлігінің салонында кәмелетке толмаған тағы екі жолаушы болған.

Наверх