Президенттік өкілеттігінің 100-ші күнінде Дональд Трамп соңғы АҚШ президенттері арасында халықтың ең төмен қолдауына ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның қазіргі рейтингінің өзі сегіз жыл бұрынғы көрсеткішінен де төмен.
Соңғы сауалнамаларға сәйкес, президенттік өкілеттігінің 100-ші күнінде Трамптың қызметіне жалпы қолдау деңгейі 44%-ды құрады. Бұл наурыз айымен салыстырғанда 5 пайыздық тармаққа төмен (наурызда 49% болған).
Бұл көрсеткіш АҚШ-тың бұрынғы президенттері — Джо Байденнің (54%), Барак Обаманың (62%) және Джордж Буштың (63%) 100 күндік президенттіктен кейінгі қолдау деңгейінен әлдеқайда төмен. Бұған қоса, бұл сегіз жыл бұрынғы Трамптың өзі иеленген 45%-дық көрсеткіштен де 1 пайыздық тармаққа аз.
Басылым мәліметінше, қазір америкалық сайлаушылардың шамамен 59%-ы елдегі жағдайға көңілі толмайды. Бұл көрсеткіш бұрынғы президент Джо Байденнің өкілеттігі аяқталған кездегі 68%-дық наразылық деңгейінен жақсарғанымен, Байденнің алғашқы мерзімінің басындағы көрсеткіштен (53%) нашар.
Бұл Трамптың алғашқы мерзімінің 100-ші күніндегі наразылық деңгейінен де (53%) төмен нәтиже. 2017 жылғы қаңтардағы инаугурациядан кейін демократтар арасында қанағаттанушылық орнын наразылық басқан еді, ал республикашылдар арасында керісінше жағдай орын алған.
Сондай-ақ америкалықтар елдегі экономикалық жағдайға да көңілі толмайды: сауалнамаға қатысқандардың 71%-ы экономикалық жағдайды нашар деп бағаласа, 55%-ы өз отбасылары үшін жағдайдың қиындап бара жатқанын айтқан.
Америкалықтар болашаққа қатысты да бұрынғыдан әлдеқайда пессимистік көзқарас білдіруде. Трамптың алғашқы мерзімінің басында болашаққа үмітпен қарағандардың үлесі 45% (республикашылдар арасында 84%) болса, биыл алғашқы 100 күн ішінде бұл көрсеткіш тиісінше 38% және 75%-ды құрады.
Одан бөлек, сауалнама нәтижесіне сәйкес, сайлаушылардың 8-ден 10-ы (78%) елдегі саяси бөлінушілікке алаңдайды. Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандардың шамамен 7-ден 10-ы төмендегі мәселелерге де алаңдаушылық білдірген:
- денсаулық сақтау мәселелері (76%),
- мемлекеттік шығыстардың өсуі (73%),
- экономикалық рецессия қаупі (72%).
Ал иммиграция (66%), Иранның ядролық қару алу қаупі (66%), Ресейдің Украинаға басып кіруі (61%) және қор нарығындағы жағдай (58%) сияқты мәселелерге алаңдайтындар үлесі сәл төменірек.