АҚШ-та Трамп әкімшілігімен байланысы бар American Accountability Foundation ұйымы 175 мемлекеттік қызметкердің аты-жөнін жариялап, оларды радикалды солшыл идеяларды насихаттады деп айыптады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.
Reuters агенттігінің зерттеуіне сәйкес, АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігіндегі жоғары лауазымды шенеуніктермен байланысы бар American Accountability Foundation (AAF) атты оңшыл топ 175-тей федералдық қызметкердің аты-жөнін, суреттерін және жеке деректерін жариялаған. Олар аталған қызметкерлерді әртүрлілік, теңдік және инклюзивтілік (DEI) тұжырымдамасын ілгерілететін радикалды солшыл идеяларды қолдайды деп айыптаған.
Бұл тізімдер жарияланған соң, аталған тұлғалар қудалауға, жаппай қорқыту мен қысымға ұшырады. Кейбірі қызметінен босатылды. Екеуі қауіпсіздігіне алаңдап, шетелге көшкен.
Тізімге енгендердің бір бөлігі республикалық та, демократиялық та әкімшіліктерде ұзақ жыл қызмет еткен. Алайда басым бөлігі жариялылығы төмен мемлекеттік лауазымдарда жұмыс істеген.
Зерттеу нәтижесінде, AAF бастапқыда экс-президент Джо Байден төңірегіндегі оппозицияны қудалауға бағытталған ұйым болса, кейіннен Трамптың ықтимал қарсыластарын жою науқанының құралына айналғаны белгілі болды.
Тізімге енгендердің жартысына жуығы – кем дегенде 88 адам – үкіметтен кеткен немесе әкімшілік демалысқа шығуға мәжбүр болған. Бір бөлігі жұмыстан босатылса, енді бірі қызметінен өз еркімен кеткен немесе басқа лауазымға ауысқан.
AAF жетекшісі Том Джонс пен оның жақтастары тізімдегі көптеген қызметкерлер Трамп бағдарламаларын іштей бұзуға әрекеттенгенін алға тартқан.
Трампқа қарсы шыққан мемлекеттік қызметкерлер олардың аттары жазылып, бақылауда екенін білуі маңызды, – деді Джонс.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, AAF заң бұзудың маңызды шегінен өткен жоқ: ұйым үй мекенжайларын, телефон нөмірлерін және өзге де дербес ақпаратты жарияламаған. Сондықтан құпиялылықты бұзу бойынша іс қозғау қиынға соғады.