АҚШ президенті Дональд Трамп федералды үкіметтің ішінара тоқтатылуы (шатдаун) Республикалық партияға демократтарға қарағанда әлдеқайда қатты соққы болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Axios порталы Конгресстегі дереккөзге сілтеме жасап жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жабық жиында сөйлеген Трамп республикашыл сенаторларға: Егер үкімет жұмысы ұзаққа созылса, партия өлтіріледі. Сіздерді «жалқау республикашылар» деп атайды, – деді.
Президент шатдаунды тезірек аяқтау үшін Конгресстегі филибастер (заң жобаларын талқылауды шексіз созу тәжірибесі) тәжірибесін тоқтатуға шақырды. Оның пікірінше, бұл тәсіл саяси шешімдерді қабылдауды тежейді және партияның беделін түсіреді.
Bloomberg дерегінше, шатдаун АҚШ экономикасына апта сайын шамамен 1,15 млрд доллар шығын әкеліп отыр. Егер үкімет жұмысы Алғыс айту күніне (27 қараша) дейін қалпына келмесе, қайтарымсыз шығын көлемі 14 млрд долларға жетуі мүмкін.
Айта кетейік, АҚШ федералды үкіметінің жұмысы 1 қазаннан бері ішінара тоқтап тұр. Бұл Конгрессте республикалықтар мен демократтар арасында мемлекеттік шығындарға қатысты келіспеушіліктердің салдары.