АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатында 8 жастағы Малика Қабдылхақтың наурыз туралы кітабы шықты. Маликаның анасы Ақмаржан Қасмағанбетова балаларға арналған туындының ерекшелігі туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- 8 жасында шығармышылықпен айналысу оңай іс емес. Жалпы, қызыңыздың бойындағы қабілетті қалай байқадыңыз?
Малика 8 жаста, ол 4 жасынан бастап әріп танып, 5 жасында ағылшын тілінде қысқаша әңгімелер ойлап-құрастырып, шағын кітапша етіп жазатын. Кейде бір күнде 3-4 орташа кітапты бас алмастан оқып тастайтын. Қызым шығармашылықпен айналысқанды қатты ұнатады. Сурет салады, ән айтады және би билейді. Үнемі бір креативті дүниелер құрастырып, шеберлігін шыңдап жүреді. Кішкентай кезінен алғыр, өнертапқыш болатын. Үлкен болсын, кіші болсын, барлық адаммен тіл табыса алады. Ашық, коммуникабельді бүлдіршін.
-“Amina’s Nauryz” кітабының қоғамға жеткізер ойы қандай?
Кітаптың атауы “Amina’s Nauryz”, яғни қазақша аударғанда “Әминаның Наурызы”. Кітап қазақша сөздерді қолданып, ағылшын тілінде жазылған. Бала тілімен жазылған балаларға арналған шағын кітап. Наурызға қатысты ұғымдар, ұлттық тағамдар, ойындар, және тұсау кесу сияқты қазақы дәстүр қамтылған. Әдемі ұлттық стильдегі иллюстрациялармен көрнектелген. Кітаптың соңында қазақша-ағылшынша сөздік келтірілген. Кітаптың негізгі мақсаты – шетелдіктерге Наурыз мейрамы туралы ақпаратты баланың дүниетанымы арқылы таныстыру, қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеу, қазақ тілін үйренуге шақыру. Сонымен қатар, ағылшын тілін үйреніп жүрген қазақтілді қауымға да пайдалы дүние болады деп есептеймін.
- Маликаға бұл кітапты жазуға не түрткі болды?
Шетелде болсын, Қазақстанда болсын, біз әр көктем отбасымызбен және достарымызбен Наурыз мерекесін тойлаймыз: наурыз-көже және басқа да ұлттық тағамдар дайындаймыз, ұлттық киімдерді киеміз, керемет ән-күймен көңілді өткізуге тырысамыз. Малика қамажай көйлегін киіп, өзінің сүйікті “Қамажай” әнін орындайды. Соның бәрі Маликаның есінде. Осы әдемі естеліктер Маликаға Наурыз туралы кітап жазуға негіз және түрткі болды. Кітапта Әмина деген балақай өзінің отбасы мүшелерін таныстырып, Наурызды қалай бірге тойлайтынын және сонымен қатар енді тәй-тәй басқан сіңлісінің алғашқы Наурызы қалай өткенін баяндайды.
- Демек, “Amina’s Nauryz” кітабы ағылшын тілінде Наурыз мерекесін таныстыратын бірден бір кітап қой?
Жалпы осы “Amina’s Nauryz” кітабы қазақтың, бүкіл ортаазиялықтардың Наурызы туралы ағылшынша жазылған "Амазон" платформасындағы әзірге жалғыз ғана кітап болып ерекшеленіп отыр. Наурыз туралы ағылшын тілінде кітап жазу идеясы Наурыз туралы ағылшын тіліндегі балаларға арналған әдебиеттің тапшылығынан туындады. Америкада христиандық "Рождество" сияқты, "Қытай Жаңа жылы" сияқты мерекелер кеңінен тойланады, олар дүйім жұртшылыққа мәлім. Ал, Наурыз туралы кітап, әдебиет осында мүлдем жоқтың қасы. Кітапханаларда Ирандық "Ноуруз" туралы кітаптары бар, бірақ Орта Азияның Наурызы туралы кітапты тіпті кездестірмедік. Сондықтан да Наурыз туралы кітабын Американың жергілікті қалалық және мектеп кітапханалары сөресінен көрсек, өте тамаша болар еді. Сонда Қазақстанның мәдениетін шетелде насихаттаудағы үлесіміздің нәтижесі деп білер едік.
- Сұхбат бергеніңізге рахмет!