АҚШ-та медиа компаниялар акциялары төмендеп жатыр

Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы көптеген саланың табыстылығына кері әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық аясында бірнеше ірі компанияның акциялары жаппай сатылымға түсті.

 pixabay.com 16 Ақпан 2026, 11:35
16 Ақпан 2026, 11:35
897
Фото: pixabay.com

Өткен аптада жасанды интеллектінің қарқынды дамуы көптеген саланың табыстылығына кері әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық аясында бірнеше ірі компанияның акциялары жаппай сатылымға түсті. Соның ішінде Netflix пен Fox Corporation қатты қысымға ұшырады: олардың акциялары бір апта ішінде 6,5% және 11,6%-ға төмендеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Инвесторлар ЖИ көмегімен жасалған контент стримингтік және дәстүрлі телехабар тарату платформаларына қауіп төндіруі мүмкін деп қауіптенеді. CNBC мәліметінше, бұл акциялар техникалық тұрғыдан “артық сатылған” деп есептеледі. Яғни жақын уақытта олардың бағасы қайта көтерілуі ықтимал.

Еске салайық, егер акцияның 14 күндік салыстырмалы күш индексі (RSI) 30-дан төмен болса, ол “артық сатылған” деп есептеледі. Мұндай жағдайда инвесторлар баға қалпына келеді деген үмітпен табыс таба алады. Мысалы, Netflix-тің RSI көрсеткіші шамамен 24 деңгейінде.

Wells Fargo сарапшысы Стивен Кахалл клиенттерге жолдаған жазбасында медиа компаниялар акцияларының құлдырауы шамадан тыс болуы мүмкін екенін атап өткен.

Ал Уолл-стриттегі ең көп сатылған компания DoorDash жеткізу қызметі болды. Оның акциялары өткен аптада 12%-ға арзандап, RSI көрсеткіші 16,45-ке дейін түскен. Bank of America бейсенбі күні бұл акцияларға қатысты “сатып алу” ұсынымын растады.

Өткен аптада артық сатылған компаниялар қатарында сондай-ақ Intuit, Booking Holdings және Amazon болды. Amazon акциялары бір аптада 5,5%-ға, ал жыл басынан бері 14%-ға төмендеген.

Wall Street – Нью-Йорк қаласындағы қаржы орталығы орналасқан көше атауы екенін айта кетейік. Ол Нью-Йорк қаласының Манхэттен ауданында орналасқан.

Алайда “Уолл-стрит” атауы тек көше емес, көбіне АҚШ-тың бүкіл қор нарығы мен қаржы секторын білдіретін ұғым ретінде қолданылады. Яғни биржалар, инвестициялық банктер, ірі қаржы компаниялары осы атаумен аталады.

Мысалы “Уолл-стритте акциялар арзандады” дегенде, бұл Нью-Йорктегі қор биржаларында саудаға түскен акциялардың бағасы төмендеді дегенді білдіреді.

Наверх