Флорида штатының Он бірінші сот округінің төрайымы Ариана Фахардо Оршан Кубаның бұрынғы басшысы Рауль Кастроны қамауға алуға ордерге қол қойды. Ол 1996 жылы екі гуманитарлық ұшақты жоюға қатысы бар деген күдікке ілінді. Бұл туралы BAQ.KZ NBC6 басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кейін Флорида штатының бас прокуроры Джеймс Утмайер баспасөз мәслихатында Рауль Кастроға бірінші дәрежелі кісі өлтіру мақсатында сөз байласу айыбы тағылғанын мәлімдеді.
Бұған дейін, 20 мамырда, АҚШ-та Кастроға 1996 жылы екі ұшақты жоюға қатысты федералдық айыптар тағылған болатын. Ұшақтар Майамиде орналасқан кубалық эмигранттардың Brothers to the Rescue («Құтқаруға келген бауырлар») ұйымына тиесілі болған.
Рауль Кастромен бірге тағы бес адамға – Лоренсо Альберто Перес-Переске, Эмилио Хосе Паласио Бланкоға, Хосе Фидель Гуаль Барзагаға, Рауль Симанка Карденасқа және Луис Рауль Гонсалес-Пардо Родригеске – төрт адам өлтіру дерегі, екі әуе кемесін жою және АҚШ азаматтарын өлтіру мақсатында сөз байласу бойынша айыптар тағылған.
АҚШ Рауль Кастроға тағылған айыптардан кейін Кубаға авианосец жіберді
Қазіргі уақытта Рауль Кастро 95 жаста. 1996 жылы ол Кубаның қорғаныс министрі қызметін атқарған. Қалған бес айыпталушы – операцияға қатысты деген болжам бар ұшқыштар.
Еске салайық, Дональд Трамп Ақ үйге оралғаннан кейін АҚШ пен Куба арасындағы қарым-қатынас күрт шиеленісті. 2026 жылдың басынан бері Вашингтон Кубаға мұнай жеткізуге блокада енгізді. Бұл аралда энергетикалық дағдарысқа және жаппай электр қуатының үзілуіне әкелді. Трамп Куба үкіметін бірнеше рет сынап, елді «достық жолмен басып алу» мүмкіндігін де айтқан.
Рауль Кастро – Куба революциясының жетекшісі Фидель Кастроның інісі. Ол 2021 жылдың сәуіріне дейін Куба Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды.
2006 жылы Фидель Кастро денсаулығына байланысты негізгі қызметтеріндегі міндеттерін уақытша інісіне тапсырды. 2008 жылы Рауль Кастро ресми түрде Куба президенті болды. Ал 2018 жылы ол Мемлекеттік кеңес пен Министрлер кеңесінің төрағасы қызметтерінен кетті. Оның орнына қазіргі президент Мигель Диас-Канель келді.