АҚШ-та 2026 жылы елдің 250 жылдығына арналған естелік бір долларлық монетада президент Дональд Трамптың бейнесі пайда болуы ықтимал, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігі бекіткен алғашқы эскиздік нұсқаларда айтылған. Әлеуметтік желі X (бұрынғы Twitter) пайдаланушылары монетаның қарапайым үлгісін жариялады.
АҚШ қазынашысы Брэндон Бич суреттердің жалған емес екенін растады.
Ешқандай фейк емес. Бұл — Американың 250 жылдығына арналған алғашқы нобайлар. АҚШ үкіметінің жұмысындағы кідіріс аяқталған соң, ресми түрде бөлісуге асығып отырмын, — деп жазды ол өз парақшасында.
Алдын ала жасалған бейнелерде монетаның алдыңғы жағында Трамптың бейіні бейнеленген. Жоғарғы бөлігінде — Liberty («Бостандық»), төменгі жағында — In God We Trust («Құдайға сенеміз»), сондай-ақ 1776 және 2026 жылдары көрсетілген.

Монетаның артқы жағында Трамптың Пенсильвания штатының Бултер қаласында болған атыстан кейін жұдырығын көтеріп тұрған сәті бейнеленген. Оның артында желбіреген АҚШ туы, ал жоғары жағында FIGHT FIGHT FIGHT («Күрес, күрес, күрес») деген жазу бар.
Дегенмен, бұл нұсқа ресми түрде соғылатыны әлі белгісіз. Себебі АҚШ заңнамасына сәйкес, қызметтегі немесе тірі экс-президенттердің бейнесін монеталарға басуға тыйым салынған. CNN телеарнасының хабарлауынша, президенттің бейнесі тек оның қайтыс болғанынан кейін кемінде екі жылдан соң ғана монетаға орналастырылуы мүмкін.