АҚШ-та балаларға арналған иммундау жөніндегі ұлттық ұсынымдар қайта қаралды. Нәтижесінде Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) балаларға міндетті түрде ұсынатын вакциналар саны 17-ден 11-ге қысқартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Жаңа тізімге полиомиелит пен қызылшаға қарсы вакциналар енгізілгенімен, А және В гепатитіне, сондай-ақ COVID-19-ға қарсы екпелер енді қауіп факторларына байланысты және дәрігер мен ата-ана арасындағы «бірлескен клиникалық шешім» негізінде ғана ұсынылады.
АҚШ Денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету министрі Роберт Кеннеди кіші бұл өзгерістер «мұқият талдаудан кейін» қабылданғанын атап өтті.
Біз бұл қадам балаларды қорғайды, отбасыларды құрметтейді және денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді қалпына келтіреді деп есептейміз. АҚШ-тағы вакцинация кестесін халықаралық консенсусқа жақындатып, ашықтық пен ақпараттандырылған келісімді күшейтеміз, – деді ол.
CDC деректеріне сәйкес, барлық балаларға міндетті түрде ұсынылатын вакциналар қатарына қызылша, паротит, қызамық, полиомиелит, көкжөтел, сіреспе, дифтерия, В типті гемофильді инфекция (Hib), пневмококк инфекциясы, адам папилломавирусы (HPV) және желшешекке қарсы екпелер кіреді. Алғашқы үшеуі әдетте бір біріктірілген вакцина ретінде салынады.
Қауіп факторлары бар балалар үшін ұсынылатын вакциналар қатарына респираторлық-синцитиалды вирусқа (RSV), А және В гепатитіне, денге безгегіне, А, В, С, Y топтарындағы менингококк инфекцияларына және менингитке қарсы В тобының вакцинасы енгізілген.
Ал COVID-19, тұмау және ротавирусқа қарсы вакциналарды салу туралы шешім ата-аналар мен дәрігерлердің құзырында қалдырылған.
Алайда бұл өзгерістерді Американдық педиатрия академиясы қатаң сынға алды. Ұйым жаңа ережелерді «қауіпті әрі қажетсіз» деп атап, олардың балалар денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екенін мәлімдеді.