АҚШ президенті Дональд Трамп ел тарихында алғаш рет ағылшын тілін федералды деңгейдегі ресми тіл деп танитын жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұған дейін ағылшын тілі тек 32 штатта ғана ресми тіл мәртебесіне ие болған, алайда федералды деңгейде мұндай шешім алғаш рет қабылданып отыр.
Ағылшын тілін ресми тіл ретінде мойындайтын уақыт жетті, – делінген Трамптың жарлығында.
Құжатта бірыңғай тілдің ұлттық бірлікті нығайтатыны атап өтілгенімен, елде 350-ден астам тіл қолданылатыны да мойындалған.
Енді федералды мекемелер енді өз қызметтерін тек ағылшын тілінде көрсетуге міндеттеледі. Бұған дейін Билл Клинтонның 2000 жылғы жарлығы бойынша ағылшын тілін білмейтін азаматтарға аударма қызметі тегін ұсынылатын, бұл талап енді жойылды. Әрбір ведомство аударма қызметін ұсынуды өз еркімен шешеді.
2019 жылғы деректер бойынша, АҚШ-та 40 миллионнан астам адам испан тілінде сөйлейді, бұл елдегі ағылшыннан кейінгі ең көп таралған тіл. Сарапшылардың пікірінше, Трамптың шешімі иммигранттардың құқықтарына әсер етуі мүмкін.
Трамп бұған дейін бұл бастаманы 2024 жылғы сайлау науқаны кезінде көтерген болатын. Ол иммиграциялық саясатты қатаңдатуды жақтап, елге түсініксіз тілдер келіп жатқанын сынға алған еді:
Бізге ешбір маман сөйлей алмайтын тілдермен келіп жатыр. Бұл – жантүршігерлік жағдай, – деген болатын Трамп.
Сонымен қатар, президент АҚШ-тың ұлттық мұрасын қалпына келтіруге бағытталған бірнеше жарлыққа қол қойды. Ол Мексика шығанағын “Америка шығанағы” деп атауды және Аляскадағы ең биік шыңның атауын қайтадан Маккинли деп өзгертті бұйырды. Оның бұрынғы атауы – Денали болатын.
Бұл шешімдер Трамптың “Америкаға қайтадан ұлылықты қайтару” ұранымен жүргізіп отырған консервативтік саясаты.