АҚШ-тың Орегон штатының аудандық соты Президент Дональд Трампқа Портленд қаласындағы тәртіпсіздіктермен күресу мақсатында Ұлттық гвардияны тартуға уақытша тыйым салды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Сот талапкерлердің уақытша тыйым салу жөніндегі өтінішін қанағаттандырады, - делінген соттың электронды базасында жарияланған шешімде.
Тыйым 18 қазанға дейін күшінде болады.
Еске сала кетейік, 27 қыркүйекте Трамп Портлендке әскери қызметкерлерді жіберу туралы бұйрық берген еді. Оның айтуынша, әскерлер «ішкі терроризммен күрес» және АҚШ-тың иммиграциялық және кедендік бақылау қызметі (ICE) нысандарын қорғау үшін қажет болған.
Алайда бұл шешім Орегон билігінің қарсылығына ұшырады. 28 қыркүйекте штаттың бас прокуроры Дэн Рафилд Трамп әкімшілігіне қарсы сот ісін қозғап, «Ұлттық гвардияны заңсыз федерализациялады» деп айыптады. Штат билігінің пікірінше, федералды үкімет жергілікті өкілеттіктерге араласып, өз құзыретін асыра пайдаланып отыр.