Калифорниядағы федералдық судья Дональд Трамп әкімшілігінің Гондурас, Непал мен Никарагуадан келген 60 мың мигрантқа берілген уақытша қорғау мәртебесін тоқтату туралы шешімін жарамсыз деп таныды. Бұл шешім бойынша аталған елдердің азаматтары АҚШ-та заңды түрде жұмыс істеп, мәжбүрлі түрде АҚШ-тан шығарылмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
CBS News жазуынша, ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм былтыр жазда Гондурас, Непал және Никарагуа елдеріне арналған уақытша босқын мәртебесі (TPS) бағдарламаларының тоқтатылатынын айтты. Оның сөзінше, аталмыш мемлекеттер экологиялық апаттардан кейін қалпына келді. Осы уақытқа дейін АҚШ үкіметі үш елдің азаматтарына уақытша құқықтық қорғау мәртебесін бергені айтылған.
1990 жылы Конгресс TPS саясатын енгізген болатын. Осыған сәйкес АҚШ үкіметі қарулы қақтығыс, экологиялық апат немесе түрлі төтенше жағдайлар салдарынан өз еліне орала алмай жүрген кейбір шетелдіктерді депортациядан қорғап, жұмыс істеуге рұқсат береді.
Шілде айының соңында АҚШ округтік сотының судьясы Трина Томпсон Гондурас, Непал және Никарагуа елдеріне арналған TPS бағдарламаларын тоқтатуды кейінге қалдырды. Ол Трамп әкімшілігі бұл үш елдегі ұзаққа созылған мәселелерді назарға алмағанын жеткізді. Бірақ та, тамызда апелляциялық сот бұл шешімді уақытша тоқтатып, Трамп әкімшілігіне бағдарламаларды аяқтауға мүмкіндік берді.