АҚШ Ресейдің теңіз мұнайына қатысты жеңілдіктен бас тартты

Бұған дейін уақытша енгізілген рұқсат Үндістан бастаған бірқатар елге танкерлермен жеткізілген ресейлік мұнайды сатып алуға мүмкіндік берген еді.

 samco Кеше 2026, 16:48
Кеше 2026, 16:48
459
Фото: samco

АҚШ Қаржы министрлігі бұған дейін Үндістанды қоса алғанда бірқатар елге теңіз арқылы жеткізілетін ресейлік мұнайды сатып алуға мүмкіндік берген санкциялық жеңілдіктің мерзімін ұзартқан жоқ.

Reuters таратқан мәліметке сүйенсек, сөз мұнай жеткізу тізбегіндегі іркілістер мен бағаның өсуі аясында әлемдік нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін бір айға уақытша енгізілген шара туралы болып отыр.

Агенттік мәліметінше, АҚШ Қаржы министрлігі ресейлік мұнай тиелген танкерлердегі мұнайды сатып алуға рұқсат беретін лицензияны ұзартуды жоспарламайтынын бұған дейін де мәлімдеген. Вашингтон уақыты бойынша күн ортасына дейін лицензияны ұзарту туралы ресми хабарлама жарияланбаған.

Америка билігі бұл жеңілдікті халықаралық дағдарыстар салдарынан күрт қымбаттаған энергия ресурстары бағасын тұрақтандыруға бағытталған кеңірек стратегияның бір бөлігі ретінде қарастырған.

Қабылданған шараларға қарамастан, АҚШ-та бензин бағасы әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Қазір бір галлон бензиннің бағасы шамамен 4,5 долларды құрайды. Бұл – 2022 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Ал әлемдік мұнай бағасы барреліне 100 доллар шамасында немесе одан жоғары деңгейде сақталып тұр.

Reuters агенттігінің дерегінше, Ресейдің теңіз арқылы тасымалданатын мұнайының ең ірі сатып алушысы әлі де Үндістан болып отыр. Сәуір мен мамыр айларында бұл елдің мұнай импорты бұрынғы жеңілдіктер аясында рекордтық деңгейде сақталған.

Еске салсақ, бастапқыда АҚШ 17 сәуірге дейін танкерлерге тиелген ресейлік мұнаймен операция жасауға рұқсат берген болатын. Кейін бұл жеңілдік 16 мамырға дейін ұзартылды. Ол ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін сату, тасымалдау және түсіру операцияларына қатысты болды. Бірақ бұл үшін мұнай АҚШ-тың шығыс жағалауы уақыты бойынша 17 сәуір күні сағат 00:01-ге дейін кемелерге тиелуі тиіс еді.

Сонымен қатар Қырым, Донбасс, сондай-ақ Иран, Куба және Солтүстік Кореямен байланысты мәмілелерге қойылған шектеулер күшінде қалды.

Наверх