АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай егер Ақ үйдің талаптарына келіспесе, оған қарсы кедендік баж салығын 245 пайызға дейін көтеруге дайын екенін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
“Ақ үйдің” мәлімдеуінше, “азаттық күні” деп аталатын күні Трамп барлық елдерден келетін тауарларға 10 пайыздық әмбебап баж салығын енгізіп, АҚШ-пен сауда тапшылығы ең көп елдерге жекелеген жоғары тарифтер салған.
Ресми Вашингтонның дерегінше, бүгінде 75-тен астам ел АҚШ-пен жаңа сауда келісімдерін талқылауға ниетті екенін білдірген. Осыдан кейін келіссөздерге келіскен елдерге жекелеген тарифтер уақытша тоқтатылған. Алайда бұл тізімнен Қытай тыс қалған — ол алғашқы күннен бастап қарсы шараларға жүгінді.
Ақ үйдің хабарлауынша, осы әрекеттердің нәтижесінде Қытайға қатысты кедендік тарифтер 245 пайызға дейін өсуі мүмкін.
Қазіргі таңда АҚШ-тың Қытайға қарсы жалпы баж салығының деңгейі 145 пайызға жеткен. Өз кезегінде Қытай да бірден қарымта жауап беріп, америкалық өнімдерге кедендік баж енгізіп, АҚШ киноөнімдерінің импортын шектеуге кірісті.
Бұдан бөлек, Қытай Халық Республикасының төрағасы Еуроодаққа АҚШ-қа қарсы бірігуді ұсынған. Алайда бұл бастама Брюссель тарапынан үлкен қолдау таппады.