АҚШ билігі шетелге жіберілмей қалған 60 мың тонна гуманитарлық азық-түлік қорын жою мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл көмек негізінен мұқтаж елдерге, соның ішінде Суданға арналса да, сыртқы бағдарламалардың қысқаруына байланысты орындалмай қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ The Washington Post басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, гуманитарлық азық-түлік ішкі және шетелдік қоймаларда сақтаулы тұр. Алайда АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) бағдарламаларының 80%-ы қысқартылғаннан кейін, кей өнімдердің жарамдылық мерзімі өтіп, жойылуы мүмкін деген белгі соғылған.
Джорджия штатындағы Mana Nutrition ұйымының қоймаларында, мысалы, балалардың тамақтануын қалпына келтіруге арналған арнайы жержаңғақ пастасы сақтаулы. Ұйым өкілдері бұл өнім ондаған миллион адамды тамақтандыруға жететінін айтады.
Барлығы сатып алынды, келісімшарттар жасалды, төленді. Бірақ ешкім алмай отыр, - деді Mana Nutrition бас операциялық директоры Дэвид Тодд Гармон.
Басылым АҚШ-тың шетелдік көмек жүйесі шілдеден бастап тоқтағанын атап өтеді. USAID жұмысының үзілуі салдарынан жылына 1,1 млрд доллар тұратын көмек жеткізу тетігі бұзылды. Мемлекеттік департамент артық азық-түлікті қайта бөлу жоспарын талқылап жатыр, бірақ нақты мерзім мен көлемі белгісіз.
Бұған дейін Мемлекеттік хатшы Марко Рубио USAID қызметін тоқтату туралы шешімді растаған еді. Оның айтуынша, ендігі басымдық – ұлттық мүдде.
Ал The Atlantic дерегінше, бұған дейін Пәкістан мен Ауғанстандағы балаларға арналған 500 тонна жоғары калориялы печенье де жағуға жіберілген.