АҚШ Қорғаныс министрлігі аймақтағы әскери шиеленістің күшеюі және Иран тарапынан болуы мүмкін қауіп-қатерлер аясында шұғыл шаралар қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
The New York Times басылымына сілтеме жасаған Oxu.Az дерегінше, Пентагон Қатар аумағындағы Әл-Удейд әскери-әуе базасынан және Бахрейндегі бірқатар нысандардан жүздеген америкалық әскери қызметкерді ішінара эвакуациялаған. Бұл қадам Иран тарапынан ықтимал жауап әрекеттері болуы мүмкін деген қауіпке байланысты жасалып отыр.
Бахрейндегі шаралар АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Бесінші флоты орналасқан инфрақұрылым нысандарына да қатысты. Әскери күштерді көшіру қорғаныс сипатында жүзеге асырылып, өңірдегі жағдай ушыға қалған жағдайда тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Материал жарияланған сәтте Пентагон операцияның ауқымы мен егжей-тегжейіне қатысты ресми түсініктеме бермеген.
Әл-Удейд базасы АҚШ-тың Таяу Шығыстағы негізгі әскери нысандарының бірі саналады және аймақтағы операцияларды үйлестіруде маңызды рөл атқарады. Ал Бахрейн Парсы шығанағындағы АҚШ Әскери-теңіз күштерінің стратегиялық тірек пункті болып табылады.