АҚШ пен Украина билігі соғыстан кейінгі қалпына келтіру және қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты шамамен 800 млрд доллар көлеміндегі екіжақты келісімге қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы британдық The Telegraph газеті жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басылымның мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен Швейцарияның Давос қаласында өтетін Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) аясында кездесіп, болашақ келісімнің негізгі шарттарын талқылайды. Жоспарға сәйкес, қаражат он жыл ішінде тартылмақ. Бұл Украинаға, соның ішінде жеке компаниялар тарапынан инвестициялар тартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Сонымен қатар, газет дереккөздері Давоста Украина аумағында орналастырылатын «қауіпсіздік күштерін» құру туралы жеке келісімге қол қойылатыны жөнінде ақпараттың жоқ екенін атап өтеді.
The Telegraph мәліметінше, Владимир Зеленский бастапқыда АҚШ президентімен Ақ үйде кездесуге дайын болған. Алайда еуропалық көшбасшылар бұл сапардан бас тартуға кеңес беріп, кездесуді Давос алаңында өткізу жөнінде ұсыныс жасаған. Олар сондай-ақ Зеленскийге келіссөздерге мұқият дайындалу үшін қосымша уақыт бөлуді ұсынған.
Дүниежүзілік экономикалық форум – Швейцарияда орналасқан үкіметтік емес ұйым. Ол жыл сайын бизнес өкілдері, саяси көшбасшылар мен түрлі саланың сарапшылары қатысатын халықаралық кездесулер ұйымдастырады. Форум мүшелерінің қатарында мыңға жуық ірі компания мен ұйым бар. 2026 жылғы форум 19-23 қаңтар аралығында өтеді.