Астанада АҚШ пен Оңтүстік Кореяға виза алып беремін деп уәде берген алаяқ ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласында Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері Оңтүстік Кореяға виза рәсімдеп беремін деп бірнеше азаматты алдап, ірі көлемде қаржы жымқырған 35 жастағы әйел адамды ұстады.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті азаматтарды оңай жолмен шетелге шығарып беремін деп сендіріп, 6 эпизод бойынша алаяқтық әрекетке барған.
Ол уәде етілген қызметі үшін түрлі сомада ақша алып, кейіннен байланысқа шықпай қойған. Тәртіп сақшыларының дерегінше, күдікті өз кінәсін толық мойындады. Келтірілген шығын сомасы шамамен 3 млн теңгені құрады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Астанада адамдарды тонаған үш студент ұсталды.