АҚШ Ирандағы наразылық білдірушілерге бірнеше мың Starlink спутниктік терминалын жасырын жолмен жеткізген. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басылым мәліметінше, Иранға заңсыз жолмен шамамен 6 мыңға жуық терминал жеткізілген. Соңғы айларда АҚШ Мемлекеттік департаменті 7 мыңға жуық Starlink құрылғысын сатып алған, олардың басым бөлігі қаңтар айында алынған.
Ақ үй басшысы Дональд Трамп бұл қадам туралы хабардар болғанымен, оны тікелей мақұлдағаны немесе мақұлдамағаны белгісіз екені айтылады.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі Илон Маскқа тиесілі SpaceX компаниясы Иран аумағындағы Starlink инфрақұрылымына қол жеткізу үшін алынатын төлемді алып тастағанын хабарлаған.
Еске салайық, Ирандағы жаппай толқулар 29 желтоқсанда ұлттық валюта – риалдың күрт құнсыздануынан кейін басталып, бірқатар ірі қалаға таралған. Ресми деректерге сәйкес, қақтығыстар барысында 40-қа жуық құқық қорғау органы қызметкері қаза тапқан.
8 қаңтардан бастап Иран Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, наразылық білдірушілер арасында қарулы топтар пайда болған. Тегеран тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға Израиль мен АҚШ-ты айыптады. Ал Вашингтон Иранға қатысты күш қолдану мүмкіндігін қарастырып отырғанын мәлімдеген.