Қазақстанның соңғы жаңалықтары

АҚШ, Иран, Венесуэла: Турбулентті әлемде Қазақстан не істеуі керек?

Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Әлемдік саясатта тұрақсыздық күшейіп, халықаралық құқықтың әлсіреуі, ірі державалардың күшке сүйенуі және аймақтық қақтығыстардың ушығуы жаңа геосаяси шындықты қалыптастырып отыр. Осы орайда саясаттанушылар мен депутаттар қазіргі ахуалға баға беріп, Қазақстан үшін негізгі басымдықтарды атап өтті. BAQ.KZ тілшісі әлемдегі геосаяси үдерістерге байланысты саясаттанушылардың сараптамалық пікірін назарларыңызға ұсынады.

Риззат Тасым: Халықаралық қатынастардағы жауапсыздық пен полидағдарыс кезеңі

Саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасымның айтуынша, саяси реализм Дональд Трамптың әрекеттері арқылы шарықтау шегіне жеткендей әсер қалдырады. Алайда ғасырлар бойы қалыптасқан халықаралық құқық пен жаһандық тәртіпті біржақты түрде толықтай өз ырқына бағындырған көшбасшы тарихта болған емес.

АҚШ, Иран, Венесуэла: Турбулентті әлемде Қазақстан не істеуі керек?
сарапшының жеке мұрағаты

Сарапшы қазіргі АҚШ, Ресей, Венесуэла және Иран төңірегіндегі жағдайлар сырттай бір-бірінен бөлек көрінгенімен, олардың барлығы бір ортақ логикаға бағынатынын атап өтеді. Бұл – халықаралық қатынастарда жауапсыздықтың күшеюі, күш факторына ашық сүйену және ұзақмерзімді мүдделерден гөрі қысқа мерзімді мақсаттардың алдыңғы орынға шығуы. Соның салдарынан таяз прагматизм, мәмілегерлікті кейінге ысыру және қысым көрсету тәсілдері классикалық дипломатиядан жиі басым бола бастады.

Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі халықаралық ахуалды Дүниежүзілік банк сипаттағандай, полидағдарыс кезеңі деп атауға болады. Яғни, соғыс, санкциялар, энергетикалық қауіпсіздік секілді ескі сын-қатерлер технологиялық бәсеке, климаттық өзгерістер және ақпараттық қақтығыстар сияқты жаңа сын-қатерлермен қатар өрбіп отыр, – дейді сарапшы.

Мұндай жағдайда «әлемнің алпауыт мемлекеттері әлсіздерге ашық күш көрсетуге көшпей ме?» деген сұрақ туындайды.

Риззат Тасым бұл тәуекелдің бар екенін жоққа шығармайды, алайда оны абсолютті заңдылық деп бағалауға болмайтынын айтады. Себебі күш қолданудың да өз шегі бар: экономикалық өзара тәуелділік, санкциялардың салдары, халықаралық беделге нұқсан келуі және ішкі тұрақтылық факторы кез келген ірі державаны тежейді.

Ал Қазақстан сияқты қалыптасу кезеңінен өткен орта державалар үшін басты міндет – эмоцияға емес, нақты есепке сүйену. Полидағдарыс жағдайында еліміз көпвекторлы сыртқы саясатты сақтап қана қоймай, оны нақты мазмұнмен толықтыруы қажет. Бұл бір тарапқа толық тәуелді болмау, халықаралық құқық пен келіссөз мәдениетін қорғау және аймақтық тұрақтылықты басты құндылық ретінде ұсыну деген сөз, - деп түсіндірді Тасым.

Сарапшының пікірінше, Қазақстанның басты артықшылығы – соңғы 30 жылда кез келген геосаяси жағдайда делдал бола алатын, сенім капиталы қалыптасқан мемлекетке айналуы. Ендігі міндет – осы артықшылықты әскери және экономикалық әлеуетпен күшейте түсу. Өйткені бүгінгі өтпелі кезеңде ескі ережелер толық жойылған жоқ, ал жаңалары әлі түбегейлі орныға қойған жоқ.

Айдос Сарым: Ирандағы жағдай – аймақ үшін қауіпті сценарий

Жалпы алғанда, әлемдік саясатты жайбарақат, мамыражай құбылыс деп қабылдауға болмайды. Соңғы кезеңдегі оқиғалар соның айқын дәлелі. Мысалы, Ресейдің Украинаға қатысты әрекеттері немесе АҚШ-тың Венесуэлаға байланысты ұстанымы қазіргі геосаяси шындықтың қаншалықты қатал екенін көрсетіп отыр, - деді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.

АҚШ, Иран, Венесуэла: Турбулентті әлемде Қазақстан не істеуі керек?
Мәжіліс

Депутаттың ойынша, осындай жағдайда ең дұрыс жол – барлық мемлекетпен тең әрі дұрыс қарым-қатынас орнату, ішкі тұрақтылықты күшейту және ең бастысы өз армиясын нығайтып, оны тиісті деңгейде қаржыландыру. Себебі бүгінде әр мемлекет өз қауіпсіздігіне өзі ғана жауапты екені анық көрініп отыр. Бір кездері үлкен үміт артылған Будапешт меморандумы сияқты халықаралық құжаттардың іс жүзінде қағаз жүзіндегі келісімге айналғаны да осыны дәлелдейді.

Әрине, Біріккен Ұлттар Ұйымы секілді халықаралық институттардың өз орны мен белгілі бір пайдасы бар. Алайда қазіргі жағдайда әр мемлекет өз мәселесін өзі шешуі тиіс екені айқын. Геосаяси ахуал бұрынғыдан түбегейлі өзгерді, жаңа ойын ережелері дәл қазір қалыптасып жатыр. Сондықтан бүгінгі заманда жайбарақаттыққа да, бейберекеттікке де орын жоқ, – деді Сарым.

Сонымен қатар АҚШ-тың Ирандағы жағдайға белсенді араласуы да алаңдаушылық туғызады. Тегін интернет ұсыну немесе наразылықтарды жалғастыруға үндеу секілді әрекеттер бұл процестің қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Депутат қалай болғанда да, қазіргі ахуалдың үлкен трагедияға айналғаны анық екенін атап өтті.

Қазірдің өзінде мыңдаған адамның қаза тапқаны туралы деректер айтылып отыр, кей мәліметтерге сәйкес, бұл сан екі мыңға жуықтаған. Иран – өз дәстүрі мен терең тарихы бар, ішкі үдерістері күрделі мемлекет. Түрлі болжамдар жасалып жатыр. Тіпті билік ауыспаған күннің өзінде, болашақта азаматтық соғыс қаупі немесе елдің ыдырауы мүмкін деген пікірлер де бар. Халқы шамамен 80 миллионды құрайтын, әскери әлеуеті бар ірі мемлекеттің тұрақсыздыққа ұшырауы бүкіл аймақ үшін оң нәтиже әкелмейтіні анық. Сондықтан Ирандағы жағдайдың қалай өрбитінін дөп басып айту қиын, оның нақты бағыты алдағы уақытта ғана белгілі болады, – деп пайымдады депутат Айдос Сарым.

Ерлан Сайыров: Турбулентті әлемдегі басты міндет – тәуелсіздікті сақтау

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың айтуынша, бүгінде әлем турбулентті кезеңді бастан өткеріп отыр.

АҚШ, Иран, Венесуэла: Турбулентті әлемде Қазақстан не істеуі керек?
Мәжіліс

Қазіргі басты тенденциялардың бірі – халықаралық құқықтың біртіндеп деформацияға ұшырауы. Осындай тұрақсыз жағдайда Қазақстан мемлекеті үшін ең өзекті мәселе – ел тәуелсіздігінің формасы мен мазмұнын сақтап қалу. Бұл мақсатқа жету үшін мемлекет пен халықтың бірлігі аса маңызд, – деді депутат.

Максим Рожин: Қазақстан өз бағытын жоғалтпауы тиіс

Мәжіліс депутаты Максим Рожин атап өткендей, соңғы уақытта әлемдегі саяси ахуал айтарлықтай өзгерген. Оның пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан өз ұстанған бағытын сақтап қалуы тиіс.

АҚШ, Иран, Венесуэла: Турбулентті әлемде Қазақстан не істеуі керек?
Мәжіліс

Бүгінде әлемді түрлі дүрбелеңдер жайлап, әртүрлі мемлекеттердің әрекеттерін көріп отырмыз. Алайда осындай геосаяси реализм жағдайында біз өз орнымызды жоғалтып алмауымыз керек. Біз өзіміз таңдаған бағытпен, өзіміз жоспарлаған қадамдармен бастаған жолымыздан таймауымыз қажет.

Ең бастысы – елдегі тұрақтылықты сақтау, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы мақсатта елімізге жобалар мен инвестициялар тарту, ішкі экономикалық ахуалды тұрақты деңгейде ұстау маңызды. Сонымен қатар, бұл үдерістерге сыртқы факторлардың кері әсері барынша аз болуы үшін жұмыс істеуіміз керек.

Әлем өзгеріп жатыр, жаңа саяси реалиялар қалыптасып келеді. Осындай жағдайда біз сол өзгерістердің ішінде өз бағытымызды, өз мүддемізді жоғалтып алмауымыз керек, – деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы