АҚШ-Иран қақтығысының жаңа кезеңі: Иранға қарсы операцияда жасанды интеллект қолданылды ма?

Қақтығыс бірнеше елдің аумағын қамтып, жүздеген адамның өмірін қиды.

 Жасанды интеллект Бүгiн 2026, 07:30
Бүгiн 2026, 07:30
572
Фото: Жасанды интеллект

Таяу Шығыста жағдай күрт ушығып, аймақ жаңа әскери эскалация кезеңіне өтті. Бірнеше елдің аумағын қамтыған шабуылдардан кейін халықаралық қауымдастық алаңдаулы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Таяу Шығыстағы ахуал соңғы жылдардағы ең қауіпті кезеңге өтті. Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи қаза тапқаны туралы ақпарат тарағаннан кейін аймақта әскери эскалация күрт үдеді. Иран жаппай зымыран және дрон шабуылдарын бастаса, АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы стратегиялық нысандарға ауқымды соққы жасағанын жариялады. Қақтығыс бірнеше елдің аумағын қамтып, жүздеген адамның өмірін қиды.

Иранның жаппай соққысы: 27 америкалық база нысанаға алынған

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының мәлімдеуінше, Ирак, Кувейт, Катар, Бахрейн және Біріккен Араб Әмірліктері аумағындағы 27 америкалық әскери база соққыға ұшыраған. Сонымен қатар Израильдегі Тель-Ноф әуе базасы, Израиль армиясының штаб-пәтері және Тель-Авивтегі ірі қорғаныс-өнеркәсіптік кешен нысанаға алынғаны хабарланды.

КСИР АҚШ-тың USS Abraham Lincoln авианосецін төрт баллистикалық зымыранмен атқылағанын мәлімдеді. Алайда АҚШ Орталық қолбасшылығы (Centcom) зымырандардың кемеге жетпегенін айтты. Израиль әскері Ливандағы «Хезболла» позицияларына соққы  жасай бастағанын жариялады. Бейруттің оңтүстік маңында жарылыстар тіркелгені хабарланды. Израиль бас штабы «алда әлі көп күндік соғыс бар» екенін мәлімдеді.

АҚШ: 1000-нан аса ирандық нысанаға соққы жасалды

Centcom дерегіне сәйкес, «Эпикалық ашу» операциясының алғашқы 24 сағатында 1000-нан аса ирандық нысана жойылған. Операцияға стелс-бомбалаушы ұшақтар, жойғыш авиация, дрондар және зымыранға қарсы кешендер тартылған.

Соққы жасалған нысандар қатарында:

– басқару және бақылау орталықтары

– баллистикалық зымыран инфрақұрылымы

– КСИР-дің біріккен штабы бар.

Израиль армиясы да операцияның алғашқы күні «елеулі әскери жетістіктерге» қол жеткізілгенін мәлімдеді.

Адам шығыны қаншаға жетті?

Қақтығыс басталғалы екі тәуліктің ішінде адам шығыны күрт өсті.

Иран Қызыл Жарты Ай қоғамының мәліметінше:

– 201 адам қаза тапқан

– 747 адам жараланған

– Құрбандар арасында балалар бар

АҚШ әскери қолбасшылығы үш америкалық әскери қызметкердің қаза тапқанын және бес адамның ауыр жараланғанын растады. Бұл — операция басталғалы бергі алғашқы ресми америкалық шығын.

Израильде Тель-Авив маңында бір бейбіт тұрғын қаза тауып, 121 адам жараланған.

Әбу-Дабиде зымыран сынығы тұрғын үйге түсіп, бір адам көз жұмды. Кувейтте 12 адам жараланған, олардың ішінде америкалық әскери база қызметкерлері бар.

Парсы шығанағы елдері Иранға ескерту жасады

Қатар, Сауд Арабиясы, БАӘ, Кувейт, Оман және Бахрейн сыртқы істер министрлері шұғыл онлайн отырыс өткізіп, бірлескен мәлімдеме жасады. Онда бұл мемлекеттер өз қауіпсіздігін қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын және агрессияға жауап беру құқығын сақтайтынын айтты. Министрлер Иранды шабуылдарды дереу тоқтатуға шақырып, аймақ тұрақтылығы жаһандық экономикалық тұрақтылықтың негізгі факторы екенін атап өтті.

Трамп «Ең жойқын соққы жасаймыз»

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде алты минуттық видеоүндеу жариялап, Иранға қарсы «тарихтағы ең жойқын соққы» жасалатынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл операция америкалықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Трамп әскери науқанды «әлем көрген ең ауқымды және ең күрделі операциялардың бірі» деп атады. Ол америкалық әскери қызметкерлердің өлімі үшін Иран жауап беретінін ескертті.

Жасанды интеллект қолданылды ма?

Reuters агенттігінің дерегінше, АҚШ әскері операция барысында алғаш рет кейбір жасанды интеллект құралдарын пайдаланған болуы мүмкін. Ақпаратқа сәйкес, Anthropic жүйесі нысаналарды талдау, ақпарат жинау және әскери сценарийлерді модельдеу үшін қолданылған.  Алайда Пентагон бұл ақпаратқа қатысты толық ресми түсініктеме берген жоқ. Жасанды интеллекттің автоматты түрде соққы жасағаны туралы дәлел жоқ.

Мұнай бағасы 10 пайызға өсті

Әскери эскалация жаһандық нарыққа бірден әсер етті. АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларынан кейін мұнай бағасы күрт көтерілді.

– Brent маркасы 79,30 долларға дейін өсіп, шамамен 9 пайыз қымбаттады

– Nymex 72,70 долларға жетіп, 8,5 пайыз өсім көрсетті

– Азия нарығы ашылғанда өсім 10 пайыздан асты

Сарапшылар Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай тасымалына қауіп күшейсе, баға одан әрі көтерілуі мүмкін екенін айтады.

Аймақ толық жабылды

Парсы шығанағы елдері қауіпсіздік шараларын күшейтіп, әуе кеңістігін жапты. Мыңдаған турист әуежайларда қалып отыр. Әуе рейстері тоқтатылып, халықаралық тасымал ішінара бұзылды.

Әуе кеңістігінің жабылуы мен рейстердің жаппай тоқтатылуы салдарынан Таяу Шығыс бағытында, әсіресе Парсы шығанағындағы ірі транзиттік хабтар – Дубай, Доха және Абу-Дабиде он мыңдаған жолаушы уақытша тұрып қалды. Халықаралық ақпарат көздерінде жарияланған мәліметтерге сәйкес, аймақ бойынша сапары кейінге шегерілген немесе рейстері кейінге қалдырылған адамдардың жалпы саны жүздеген мыңға дейін жетуі мүмкін.

Трамп Ирандағы билікті қалай ауыстыратынына айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы билік ауысуы мәселесін сөз ете отырып, Венесуэла мысалын келтірді. Бұл туралы ол The New York Times (NYT) басылымына берген сұхбатында айтты.

Венесуэлада жасағанымыз – меніңше, ең мінсіз сценарий, – деді ол. Газеттің жазуынша, америкалық көшбасшының жауабы Венесуэладағы жағдайдың үлгісі Иранға да қолданылуы мүмкін екенін меңзеген.

Еске салайық, 3 қаңтарда АҚШ билігі Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұстау операциясын жүргізген. Қазіргі уақытта ол АҚШ-та есірткі картельдеріне жәрдемдесті деген айыптаулар аясында ұзақ мерзімді сот процесіне тартылуы мүмкін.

АҚШ-тың түпкі мақсаты – Ирандағы режимді өзгерту ме? – саясаттанушы пікірі

Таяу Шығыстағы шиеленіс бір күнде пайда болған жоқ. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі әскери эскалация – бірнеше жылдан бері жиналған геосаяси текетірестің заңды жалғасы. Шығыстанушы Жанат Момынқұловтың пікірінше, қазіргі қақтығыс аймақтағы күштер балансының түбегейлі өзгеруіне бағытталған.

Бұл мәселенің өршіп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Былтыр Израильдің Иранға қарсы ашық шабуылын көрдік. Иранның прокси күштерінің әлсірегенін байқадық. ЦАХАЛ басшыларына қарсы соққылар жасалды. Бүгінгі жағдай – соның логикалық жалғасы, – дейді шығыстанушы Жанат Момынқұлов BAQ.KZ тілшісіне.

Оның айтуынша, Израиль соңғы кезеңде қарсыластарының мүмкіндігін барынша әлсіретіп алды. Әсіресе Иран қолдайтын аймақтық күштердің ықпалы төмендеді.

Израиль қарсыластарының бір бөлігін әлсіретіп үлгерді. Иран бастаған одақтас күштердің ықпалы азайды. Қазіргі қадамдар кездейсоқ емес, – дейді сарапшы.

Жанат Момынқұлов Израильдің стратегиялық мақсаты әскери операциялармен шектелмейтінін айтады.

Израильдің түпкі мақсаты – Иранда мүмкіндігінше режимді ауыстыру. Яғни теократиялық жүйені әлсіретіп, оның орнына аймақпен жұмыс істей алатын басқа саяси режимнің келуіне ықпал ету. Қысымдардың барлығы осы бағытта жүріп жатыр. “Биліктен кетіңдер” деген сигнал берілуде, – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, Иран – геосаяси тұрғыдан аса маңызды логистикалық кілт ел.

Иран – стратегиялық логистикалық түйін. Оның географиялық орналасуы бірқатар елдің Парсы шығанағына тікелей шығуына әсер етеді. Сондықтан Иранның саяси бағыты аймақтық экономикалық архитектураға тікелей ықпал етеді, – деп түсіндірді Момынқұлов.

Сондай-ақ ол АҚШ-тың негізгі ұстанымына да тоқталды.

АҚШ Иранның ядролық бағдарламасын шектеуді көздейді. Ядроны байыту мәселесінде Тегеранға қысым күшейіп келеді. Иран тарапы бұған келіспейді. Вашингтонның есебі – аймақтағы Иран ықпалын азайту. Бұл үшін “максималды қысым” стратегиясы қолданылып отыр. Тіпті режим ауысуына жанама түрде араласу элементтері де бар, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, қазіргі жағдай тек әскери текетірес емес, көпқабатты геосаяси ойынның көрінісі.

Бұл жерде көпқатпарлы ойын жүріп жатыр. Әскери әрекеттер – соның бір бөлігі ғана. Ал шынайы тартыс аймақтық ықпал мен болашақ саяси конфигурация үшін жүріп жатыр, – деп түйіндеді шығыстанушы.

Наверх