Қызметіне кіріскен алғашқы күні АҚШ президенті Дональд Трамп Американың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығатыны туралы құжатқа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
CBS таратқан мәліметке сәйкес, денсаулық сақтау саласының ғалымдары мен өкілдері бұл қадамға алаңдаушылық білдірген. Себебі бірнеше ондаған жыл бойы қол жеткізілген ЖИТС, безгек, туберкулез сынды аурулармен күрес жоққа шығарылып, әлемнің оларға қарсы төтеп беруі әлсіреуі әбден мүмкін.
2020 жылы ДДСҰ COVID-19 пандемиясына қатысты берген жауабы үшін Трамп тарапынан қатты сынға ұшыраған болатын.
Ақ үйдің мәлімдемесінде АҚШ ұйымнан "оның пандемия жағдайында дұрыс әрекет етпеуі мен ДДСҰ-ға мүше мемлекеттердің саяси ықпалына тәуелсіздігін көрсетуге қабілетсіздігі себепті" шығатындығы айтылған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы АҚШ-тың ұйымнан шығу туралы шешімін қайта қарауға шақырды.
Бірігіп сансыз өмірді құтқарып, америкалықтар мен барлық адамды қауіптен қорғаймыз, - делінген өтініште.
ДДСҰ сондай-ақ соңғы жылдары ол "өз тарихында ірі реформаларды" жүзеге асырғандығын алға тартты.
АҚШ ұйымнан шықса, келесі жылы оны қаржыландыру да тоқтайды (АҚШ ДДСҰ-ның ірі қаржыландырушысы – ред.).