АҚШ БҰҰ-ға 4 млрд доллардан астам қарыздың 160 млн долларын төледі

АҚШ – БҰҰ бюджетіне ең ірі үлес қосушы ел.

 BAQ.KZ архиві 20 Ақпан 2026, 08:32
20 Ақпан 2026, 08:32
898
Фото: BAQ.KZ архиві

Америка Құрама Штаттары Біріккен Ұлттар Ұйымы алдындағы 4 миллиард доллардан асатын қарызының шамамен 160 миллион долларын төледі. Бұл туралы БҰҰ өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.

Өткен аптада АҚШ БҰҰ-ның тұрақты бюджеті бойынша бұрынғы берешегінің бір бөлігін өтеу үшін шамамен 160 миллион доллар аударды, – делінген ұйым таратқан хабарламада.

АҚШ – БҰҰ бюджетіне ең ірі үлес қосушы ел. Алайда Дональд Трамп әкімшілігі кезінде Вашингтон ұйымның тұрақты бюджеті мен бітімгершілік операциялары бойынша міндетті төлемдерді қысқартқан, сондай-ақ бірқатар агенттіктерді ерікті қаржыландыруды азайтқан. Бұдан бөлек, АҚШ БҰҰ-ның ондаған құрылымынан шыққан.

БҰҰ дерегінше, ақпан айының басындағы жағдай бойынша АҚШ-тың тек тұрақты бюджет бойынша берешегі 2,19 миллиард долларды құраған. Бұл – мүше мемлекеттердің жалпы қарызының 95 пайызынан астамы. Сонымен қатар, Вашингтон бітімгершілік миссиялары үшін 2,4 миллиард доллар және БҰҰ трибуналдарына 43,6 миллион доллар қарыз.

Осы мәлімдеме Трамптың бастамасымен құрылған «Бейбітшілік кеңесінің» алғашқы отырысы өткен күні жарияланды. Сарапшылар бұл бастама БҰҰ-ның рөліне әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Трамп кеңес отырысында АҚШ БҰҰ-ны «нығайту үшін қаржылай қолдау көрсететінін» атап өтті.

Біріккен Ұлттар Ұйымының әлеуеті зор, бірақ ол бұл әлеуетін толық пайдалана алмады, – деді ол.

Өткен жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі кеңестің 2027 жылға дейін қызмет етуін мойындаған қарар қабылдаған болатын. Ал сарапшылар Трамп ұсынған жаңа құрылым халықаралық ұйымның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деп есептейді.

Наверх