АҚШ Әділет министрлігі соттан Google компаниясын Chrome браузерін сатуға міндеттеуді талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ The New York Times-ке сілтеме жасап.
Министрліктің мәлімдеуінше, Chrome-ды сатуға мәжбүрлеу – Google-дің интернеттегі монополиясына қарсы күрестегі ең тиімді шешім. Сонымен қатар, министрлік Google-дің іздеу жүйесін смартфондарға әдепкі ретінде орнату туралы келісімдерді бұзуды және бәсекелестерге деректерге қол жеткізуге мүмкіндік беруді де талап етуде.
2024 жылдың тамызында судья Амит Мехта Google-дің іздеу жүйесі нарығындағы үстемдігін заңсыз деп таныған. Енді алдағы үш аптада тараптардың дәлелдері тыңдалып, жаздың соңына қарай сот "қорғау шараларын" қабылдау жөнінде шешім шығаруы мүмкін.
The New York Times атап өткендей, бұл істің қорытындысы Google-дің нарықтағы 1,81 трлн доллардан асатын құнына елеулі әсер етуі мүмкін. Басылымның пікірінше, АҚШ Әділет министрлігінің бұл әрекеті технологиялық индустрияны мемлекеттік бақылауға алу жоспарын білдіреді.
Айта кетейік, монополияға қарсы іс 2020 жылы басталған болатын. Google бәсекелестерге қысым көрсетті деп айыпталды, өйткені ол іздеу жүйесін веб-шолғыштар мен смартфондардың басты бетіне әдепкі түрде орнату жөнінде ірі компаниялармен келісімдер жасасқан. Мысалы, 2021 жылы Google Apple мен Samsung компанияларына осындай келісімдер үшін 26,3 миллиард доллар төледі.
Компания өз кезегінде бұл әрекеттерді ақтап, пайдаланушылар Google іздеу жүйесін бәсекелестерге қарағанда сапалы болғаны үшін таңдайтынын мәлімдеді. Оның басты бәсекелестері ретінде Microsoft Bing пен DuckDuckGo аталды.