Прокурорлар АҚШ азаматынан заңсыз иеленген мүлікті өндіріп алды

5 Маусым 2023, 16:15
969
Бөлісу:
Прокурорлар АҚШ азаматынан заңсыз иеленген мүлікті өндіріп алды
Фото: BAQ.KZ Архив

Ақмола облысының арнайы прокурорлары АҚШ азаматынан мүлік өндіріп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қылмыстық істі тергеу аясында облыстың арнайы прокурорларының өтініші бойынша Ақмола облыстық сотының қаулысымен мемлекет пайдасына АҚШ азаматы «Г.Ю.А.» мүлкі тәркіленді.

Тергеу барысында Бурабай жағалауында орналасқан жер учаскесі бар жеке клиниканың жаңа ғимараты мен «Лексус» маркалы автокөліктің заңсыз сатып алынғаны анықталды.

«Г.Ю.А.» клиникалар желісінің иесі бола тұра, Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшыларымен бір топта Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты шеңберінде ескі медициналық жабдықты жаңа ретінде жеткізіп 1 167 513 600 теңге сомасына бюджет қаражатын жымқырғаны бойынша күдіктенеді, сонымен қатар медициналық жабдықтардың бір бөлігі жұмыс істемейтіндігі анықталды, - делінген хабарламада.

Кейіннен ол осы ақшаға жаңа емхана ғимаратын 890 млн теңгеге салып, оны мемлекетке 4,5 млрд теңгеге сатуға тырысқан.

«Г.Ю.А.» 2021 жылғы сәуірде қылмыстық іс тіркелгенге дейін Қазақстан Республикасының шекарасынан өтіп кеткен. Осыған байланысты, оған сырттай күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды. Ол халықаралық іздеуге жарияланды. Ақмола облыстық сотының 2.06.2023 жылғы қаулысымен (заңды күшіне енді) мемлекет пайдасына жоғарыда аталған мүлік тәркіленді, - делінген хабарламада.

Өз кезегінде, Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшыларын айыптау бойынша негізгі қылмыстық іс сотта. Олар күзетпен ұсталды.

Ақмола облысының арнайы прокурорлары республика бойынша алғаш рет халықаралық іздеуде жүрген адамның мүлкін үкім шығарғанға дейін сотқа дейінгі тәркілеу тетігін қолданғандығын атап өткен жөн.

Өзгелердің жаңалығы