Қазір әлемді өзіне қаратып отырған бір мәселе бар. Ол Ирандағы 10 күн бойы тоқтамай келе жатқан халық көтерілісі. Осы тұрғыда ирантанушы Жәнібек Көпжасар мырзамен тілдестік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
-Жәнібек мырза, Ирандағы қақтығыс неден басталды?
-Ирандағы наразылық шамамен он күн бұрын ел астанасы Тегерандағы ұялы телефон сататын базардан басталды. Кәсіпкерлер қол телефондарын шетелден бір бағамен сатып алады, алайда ел ішіндегі жағдайға байланысты сол бағада сата алмай отыр. Бұл -бүгінде Ирандағы барлық кәсіпкерлердің ортақ мәселесі.
Халықаралық санкциялар мен экономикалық саясаттың дұрыс жүргізілмеуі салдарынан елдегі инфляция ресми түрде 42 пайыздан асып кетті. Желтоқсан айының соңында ұлттық валюта күрт құлдырап, рекордтық деңгейге жетті: 1 АҚШ доллары 1,4 млн иран риалына дейін өсті. Халықтың әлеуметтік жағдайы күннен-күнге нашарлап барады.
Кешке қарай ұялы телефон сататын базар саудагерлеріне Тегеранның басқа да ірі базарлары қосылды. Келесі күні наразылық елдің бірнеше ірі қаласына тарады. Билік жағдайды бақылауға алу үшін Орталық банктің төрағасын қызметінен босатты, алайда бұл қадам кәсіпкерлер мен саудагерлердің ашу-ызасын бәсеңдете алмады.
Бірнеше күннен соң наразылыққа студенттер мен жастар қосылып, қозғалыс саяси сипат ала бастады. Соңғы күндері елдің 88 қаласында ереуілдер тіркеліп отыр. Көшеге шыққан халық саны мен ауқымы жағынан бұл жағдай 2022 жылғы көтерілісті еске салады.
-Қазір жағдай қалай бағаланып отыр?
-Қазіргі таңда жағдайды аса күрделі деп айту қиын, бірақ алаңдатарлық. Әсіресе, АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың соңғы мәлімдемесі Иран билігін едәуір алаңдатты.
Жоғары Рухани Көсем Әли Хаменеи мәлімдеме жасап, Үкіметті кәсіпкерлер мен саудагерлердің талаптары бойынша диалог орнатуға шақырды. Сонымен қатар, елдің құрылымын өзгертуге ұмтылған «бұзақыларға» қатаң шара қолдану қажеттігін атап өтті.
-Басты талап қандай?
-Негізгі талаптар инфляцияны ауыздықтау бойынша нақты шаралар қабылдау, қымбатшылықты тоқтату, ұлттық валютаның девальвациясына жол бермеу.
-Билік тарапынан қандай шаралар қолданылуда?
-Билік алғашқы күндері жағдайды тек бақылаумен шектелді. Кейін Орталық банктің басшысын қызметінен алды.
Жоғары Рухани Көсем Әли Хаменеи халыққа үндеу жасауы тиіс болған, алайда жиналыс барысында отырғандардың бірі «кет» деп айғайлаған соң, үндеу жасалмай қалды. Мұндай жағдай Хаменеи 36 жыл бойы Жоғары Рухани Көсем болған кезеңде алғаш рет тіркеліп отыр. Бұл - билікке қарсылықтың тек қоғамда емес, билік төңірегінде де күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Наразылық күшейіп, саяси талаптарға ұласқаннан кейін алғаш рет Хамадан қаласында ереуілшілерге қарсы оқ атылды. Соңғы күндері күш құрылымдары оқ-дәрі мен көзден жас ағызатын газды қолдана бастады.

-Бұл шиеленіс ушықса, мұнай нарығында қандай өзгерістер болуы мүмкін?
-Егер АҚШ араласпаса, жағдай мұнай нарығына айтарлықтай әсер етпейді. Себебі Иран мұнайы санкцияға байланысты әлемдік нарыққа ресми түрде шыға алмай отыр. Иран мұнайын Қытай мен Үндістан нарықтық бағадан 20–30 пайыз арзан бағамен сатып алып келеді.
Ал егер АҚШ араласып, елде төңкеріс орын алса, тек мұнай нарығында ғана емес, жаһандық саяси және экономикалық кеңістікте үлкен өзгерістер болуы мүмкін.
-Жапа шеккендер мен қаза тапқандар туралы ақпарат бар ма?
-Бүгінгі күнге дейін ресми дерек өте аз. Алайда бейресми мәліметтерге сүйенсек 40-тан астам адам қаза тапқан, жүздеген адам жарақат алған, шамамен 1300 адам ұсталып, қамауға алынған.
-Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс білдіремін.