«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде ерлермен қатар Отанға қалтықсыз еңбек етіп жүрген арулар аз емес, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Батылдық, төзімділік пен әйел затына тән нәзіктікті бойында үйлестіре білген жауынгер арулардың қатарында ефрейтор Ақерке Қажымұратова бар. Қатарластарының алды және әріптестері арасында сый-құрметке ие. Әріптестері арасында «Ақсауыт киген Ақерке» деген атқа ие.
Ақерке Қажымұратова Павлодар облысындағы 6679 әскери бөлімінде байланыс қойма бастығы болып қызмет етеді. Жауынгерлік қасиетімен жұртшылықты тамсандырған нәзік жанды Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келді.
Мемлекеттік қызметшілер отбасында өскен қыз бала әскери қызметті қалапты. Сондықтан болар, жұмысына жауапты, қызметіне берік.
Әкем әскери қызметте еңбек етті. Ал анам - мұғалімдікті таңдап, өмірін бала тәрбиесіне арнаған жан. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дейміз. Анам өз ұжымында сыйлы, ал шәкіртерінің арасында құрметке ие болды. Оған қоса, мектеп қабырғасында анам тәрбиелеген оқушылар түрлі сайыстарға қатысып, мектебіміздің абыройын асырып жүрді. Мен соларға еліктедім, - дейді ефрейтор.
Алайда Ақерке әкесінің жолын қуып, қару-жарақ асынып, Отанға қызмет етуді таңдады. Әскери жолын осыдан 10 жыл бұрын Қарағанды облысындағы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты 52859 әскери бөлімінде құпия бөлім қызметінің маманы ретінде бастаған. Кейін Ұлттық ұланның 6679 әскери бөліміне ауысып, жұмысын жалғастырады.
Жұмыста қару асынған қатал әскери қызметкер ботлса, шаңырағында екі ұлдың анасы. Ақсауыт киген әйел әскери қызметті аса мақтан тұтады. Өңірлік қолбасшылықта жүздеген әйел жауапты қызметте.