Ақпан айында Ұлттық қордан 400 млн доллар валюта сатылды

Ұлттық банк наурыз айында Ұлттық қордан шамамен осындай көлемде валюта сатылады деп күтеді.

 ©BAQ.KZ архиві Бүгiн 2026, 15:54
Бүгiн 2026, 15:54
153
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Ақпан айында Ұлттық қордан 400 млн АҚШ долларында валюта сатылды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл  өз кезегінде республикалық бюджетке трансферт бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 6%-ы болды және күніне 20 млн АҚШ долларынан асқан жоқ.  

Күтілетін фискалдық түсімдерді ескергенде, Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша наурыз айында республикалық бюджетке трансферт бөлуге Ұлттық Банк Ұлттық қордан 400 млн АҚШ долларынан 500 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп болжайды.  Ақпан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 497,69 теңгеге дейін 0,7%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа бір күндік көлемі бір айда 306 млн АҚШ долларынан 335 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 6,7 млрд АҚШ долларын құрады, - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.  

Осыған дейінгі жоспарға сәйкес, БЖЗҚ валюталық активтерінің үлесі 40%-дан асатынын ескергенде, Ұлттық Банк ақпан айында зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алмады. Наурызда да валюта сатып алуға қатысты жоспар жоқ. 

Ашықтық қағидаты аясында Ұлттық Банк валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы ақпаратты толық ашып көрсетуді жалғастырады. Қысқамерзімді келешекте теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді. 

Еске салайық, бұған дейін Таяу Шығыстағы қақтығыс әсерінен мұнай бағасы жылдық рекордты жаңартты.

Наверх