2024 жылғы шілде айында жетінші қабаттан құлап көз жұмған Ақнәр Гүлістанның қазасына қатысты арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Бұл туралы бүгін Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, бұл іс Ішкі істер министрлігінің тікелей бақылауында.
Тергеу тобы құрылды. Қылмыстық істі жан-жақты қарастырып жатырмыз. Жәбірленуші тараптың барлық уәжі ескеріліп жатыр, – деді Әділов.
Ол сондай-ақ қазіргі таңда бұл іс бойынша нақты күдікті анықталмағанын және тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Гүлістан Қамит есімді азаматша өзінің қызы Ақнәр 2023 жылдың 20 шілдесінде терезеден құлағаннан кейін қайтыс болғанын хабарлаған еді. Анасының айтуынша, трагедия орын алған сәтте бойжеткеннің жанында құрбылары болған. Қайғылы жағдайдан кейін қозғалған қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша тергеліп жатыр.
Алайда марқұмның анасы бұл нұсқамен келіспейтінін ашық мәлімдеді. Оның пікірінше, қызының өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, марқұмның анасы Мемлекет басшысына дейін үндеу жолдаған болатын.