Мәжілісте киіктердің популяциясы мәселелері талқыланып жатыр. Ақмола облысы шаруаларының атынан сөз сөйлеген Ғалымхан Саханов киіктердің егінге тигізіп жатқан кесірі жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің болжамы бойынша, Атбасар ауданы, Астрахань ауданы, Егіндікөл ауданының аумағында киіктердің саны миллионнан асады. Біз Премьер-министрдің қаулысын қолдаймыз. Онда аңшылық және аумақтық инспекциялар бірлесіп, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің егістігін киіктерден қорғауды ұсынады, - деді фермер.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін бұл шаралар жеткіліксіз.
2020 жылдан бастап шаруалар осы проблемаларға тап болды. Бұл мәселе шешімін таппай, жыл сайын киіктердің саны 2-3 еселеп артып келеді. Бүгінгі таңда төл мерзімі аяқталуға жақын. Жас буындары ширағанша қуып шығу мүмкін емес. Міне соңғы 5 жыл ішінде шаруалар осы мәселелерге тап болып келеді, - деп айтты Ғалымхан Саханов.
Сарапшының сөзінше, шаруалар киік жүрген егістіктен өнім ала алмайды. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігіне де қауіп келтіреді. Ол барлық шаруада несие бар екенін еске салды.
Адамдар күні-түні тынбай жұмыс істейді. Машина да, дыбыс белгілері де, алдындағы көлдер де мыңдаған киікті тоқтата алмайды. Далада олармен кездескен адамның бойын қорқыныш-үрей билейді, - деп айтты Ғалымхан Саханов Мәжілістегі жиында.