Ақмола облысының Полиция департаменті "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында "Қауіпсіз жол" республикалық акциясын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Полицейлер қазақтың игі дәстүрі тұсау кесер рәсімін ұйымдастырды. Бұл салт баланың алғашқы қадамдарын білдіріп, өмір жолы жарқын болсын деген тілекпен өткізіледі. "Заң және тәртіп" қағидасы аясында халық пен полиция арасындағы сенімді нығайту мақсатында жүзеге асырылды.

Ақмола облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ержан Қошқарбаевтың айтуынша, бұл — жақсы ниеттің белгісі, сондай-ақ жаңа бастамаларға жол ашатын игі қадам.
Мұндай шаралар халқымыздың мәдени құндылықтарын сақтап қана қоймай, жолда жүру ережелерін сақтау маңызды екенін де қоғамға еске салады деп сенеміз, – деді ол.

Игі шара Манаповтар әулетінің кішкентай Раяна есімді қызына арналды. Бүлдіршіннің тұсауын кесу құрметі Ақмола облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Аслан Қызбикеновке бұйырды. Ол бұл бастаманы үлкен ықыласпен қолдады.
Раянаның әжесі Сауле апа полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, жүрекжарды тілегін жеткізді:
– Жолдарымызда апат азайып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер сақ әрі саналы болсын, – деді ол.
Дәстүр бойынша тұсаукесер рәсімінен кейін бала әртүрлі өмірлік жолдарды білдіретін заттардың бірін таңдайды. Кішкентай Раяна жол қозғалысы ережелері жазылған кітапты таңдады. Бұл таңдау шараға қатысқан жандар үшін жақсы ырым мен жол ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салған жарқын белгі болды.
Сонымен қатар Көкшетау қаласында өткен іс-шаралардың бастысы – автоклубтар мен мотоклуб өкілдері, жедел жәрдем көлігі және жол апатына ұшыраған автокөлік қатысқан автожорық болды. Шараның мақсаты – жол қозғалысы ережелерін бұзудың салдарына қоғам назарын аудару және жолдағы барлық қатысушының тәртіп сақтау маңызын түсіндіру.

Сонымен қатар Қопа көлінің жағалауында "Жолдағы қауіпсіздік күні" ұйымдастырылды. Ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция қызметкерлері балаларға арналған оқу сабағын өткізіп, велосипед пен самокат айдау кезіндегі ережелерді түсіндірді. Сондай-ақ жолдағы өзге қатысушыларға құрметпен қарау мәдениеті жайлы айтып берді.
Қауіпсіздік шарасы аясында қатысушыларға жарық шағылыстырғыш таспалар таратылды. Бұл таспалар жаяу жүргіншілерді түнгі уақытта анық байқалатындай етіп, қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі. Мұндай элементтерді киімге, сөмкеге немесе көлікке тағу ұсынылады.

Одан бөлек "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Ақмола облыстық филиалымен бірлескен рейд өткізілді. Бұл рейд "Бурабай ауылына кіреберіс" жол учаскесінде ұйымдастырылды. Бұған дейін берілген нұсқамаға сәйкес, жол бойына жаңа жол белгілері орнатылып, жылдамдық 60 км/сағ дейін шектелді, арнайы шу жолағы, қауіпсіздік қоршауы мен жарық шағылыстыратын стробоскоптар қойылды.

Мұндай акциялар азаматтардың жол қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттырып, өңірдегі жол-көлік оқиғаларының алдын алуға оң әсер етеді.