Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола тұрғыны анасының атынан несие рәсімдеп, құмар ойынға жұмсап жіберген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Көкшетау қаласының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын өтініш жасап, полицейлерге 6 сәуірде 28 жастағы ұлы өзіне тиесілі Samsung ұялы телефонын ұрлап әкеткенін хабарлады.
Кейін гаджетте орнатылған банктің мобильді қосымшасы арқылы жас жігіт оның атына 1,5 млн теңге сомасында онлайн несие рәсімдеген. Залалдың жалпы сомасы 1 млн 680 мың теңгені құрады.
Қаскүнемнің тұрған жерін анықтау үшін полиция қызметкерлері бірқатар жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктіні жалдамалы пәтерде ұстады. Заттай дәлел – Samsung ұялы телефоны тәркіленді.
Ер адам ойынға тәуелділіктен зардап шегетіні және несиеге алынған ақшаны сол күні ұтылғаны белгілі болды.
Куәгерлердің айтуынша, ер адам қарыздарын беру үшін үшінші тұлғалардың атынан бірнеше рет несие алған.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлігіне (Ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.