Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақмола облысында жүргізуші көлігін темір жолда тастап, қашып кеткен

1 Маусым 2025, 21:49
517
Бөлісу:
 "ҚТЖ" ҰК баспасөз қызметі
Фото: "ҚТЖ" ҰК баспасөз қызметі

Ақмола облысында жүргізуші жеңіл автокөлікті темір жол өткелінде қалдырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқиға 31 мамыр күні сағат 21:31-де Жаңаесіл – Пресногорьковская бағытындағы күзетілмейтін және реттелмейтін теміржол өткелінде орын алған.

Жүк пойызының машинисі пойызды шұғыл түрде тежеп, Nissan маркалы жеңіл автокөлікпен соқтығысудың алдын алды. Көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кетті, – делінген ҚТЖ таратқан ресми хабарламада.

Оқиғаға қатысты көлік құралының мемлекеттік нөмірі мен басқа да мәліметтер құқық қорғау органдарына жолданды. Қазіргі уақытта тәртіп бұзушыны анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қолға алынған.

ҚТЖ өкілдерінің мәліметінше, оқиғаның басты себебі – автокөлік жүргізушісінің жол жүру ережелерін өрескел бұзуы.

Компания өкілдері барлық жүргізушілерге теміржол өткелдерінде ерекше сақ болуды, белгіленген ережелерді қатаң сақтауды ескертеді. Себебі мұндай жағдайлар адам өміріне қауіп төндіретін ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы