Республикалық маңызы бар автожолда қозғалыс шектелуіне байланысты Ақмола облысының Есіл ауданында блок-бекетте жолаушылар автобусы тоқтап қалды. Автобуста 46 адам болған, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары полиция қызметкерлерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жолаушыларды жақын маңдағы жылыту пунктіне эвакуациялап, орналастырды. Эвакуацияланғандардың ішінде бір бала бар. Барлығы – Ресей Федерациясының азаматтары.
Медициналық көмекке мұқтаж адамдар тіркелмеді.
ТЖМ азаматтарды дауылды ескертулерді қатаң сақтауға және қолайсыз ауа райы кезінде елді мекендерден тыс жерлерге шықпауға шақырады.