Ақмола облысында үйі өртеніп кеткен отбасы баспаналы болды

8 Ақпан 2023, 19:08
1023
Бөлісу:
Ақмола облысында үйі өртеніп кеткен отбасы баспаналы болды

Ақмола облысында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 626-үйдің кілті баспанаға аса мұқтаж отбасыға табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚМДБ сайтына сілтеме жасап.

Игі іс-шараға Бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы, «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев, сондай-ақ Республикалық бас мешіттің имамы Қанат Қыдырмин мен Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Жұмабайұлы арнайы қатысты.

22 қаңтарда Ақмола облысы Целиноград ауданының Рақымжан Қошқарбаев ауылдық-округіне қарасты Сарыкөл ауылында тұратын Ержан Рымбекұлының үйі өртеніп, толық жанып кеткен болатын. 

Қапияда баспанасыз қалған отбасыға «Зекет және қайырымдылық» қоры дін қызметкерлерінің және жомарт жандардың ұйытқы болуымен пәтер сыйлап отыр. Қамыққан отбасыны қуантқан игі шарада үлкендер бата беріп, шашу шашты. Дін қызметкерлері Ержан Рымбекұлының жаңа баспанасына береке тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді, - делінген ақпаратта.

Астанадағы Республикалық бас мешітте сантехник қызметін атқарып жүрген Ержан Рымбекұлының жұбайы екінші топтағы мүгедек, ал үлкен қызы балалардың церебралды сал (ДЦП) ауруына шалдыққан.

Өзгелердің жаңалығы