Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде 80,2 млрд теңгенің азық-түлік өнімі өндірілді.
Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Айдрахманов мәлімдеді.
Облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
Өңірде әлеуметтік маңызға ие тауар19 түрінің 12-сі өндіріледі. Оған І сұрыпты нан мен ұн, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, сүзбе, сары май және күнбағыс, тауық жұмыртқасы, сәбіз, картоп кіреді. Ақмолалықтарға қажет қалған тауарлар республиканың басқа өңірлерінен және жақын шет елдерден жеткізіледі.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында облыста 80,2 млрд.теңгеге азық-түлік өнімі өндірілді. Құс еті, сары май, ұн және басқа да тауарлар өндірісі артты. Қазіргі уақытта азық-түлік сауда нысандары штаттық режимде жұмыс істейді. Қанттан басқа негізгі азық-түлік тауарларының қорлары үнемі толықтырылып отырады, - деп атап өтті Жаслан Айдрахманов.
2022 жылғы қаңтар-маусымдағы инфляция деңгейі 10,6%-ды, оның ішінде азық-түлік тауарларына 15% - ды құрады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі жыл басынан бері 116,6% - ды құрады, бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада бесінші орында тұр.
Егер ағымдағы жағдай туралы айтатын болсақ, онда бірінші қажеттілік тауарларына баға мәселесі ҚР Үкіметінің мәжілістерінде қаралады, ал мониторинг күн сайын жүргізіледі, - деп қосты басқарма басшысының орынбасары.
Жыл басынан бері күріш – 10,2%-ға, ұнға – 20,1%, қарақұмық – 27,4%, нан – 17,8%, макарон өнімдері 6,4%, сиыр еті – 7,4%, тауық еті –11,3%, сүт – 7,1%, айран – 9%, сүзбе – 3,1%, сары май – 9,4%, күнбағыс майы – 2,6%, қырыққабат –11%, тұз – 10,2%-ға өсті. Пияз (82%), қант (73,5%), сәбіз (54,5%) және картоп (35,9%) айтарлықтай қымбаттады.
«Айналым схемасы» аясында «Гормолзавод» ЖШС-нен литріне 318 теңге бағамен 48 тонна айран жеткізу жүргізілуде.
Былтырғы құрғақшылық ауыл шаруашылығына едәуір нұқсан келтіргені мәлім. Жеке фермамыз бола тұра шикізат жетіспейді. Сондықтан оны ауылдарды аралап сүт өндірушілерден сатып аламыз. Былтыр жемшөп аз болғандықтан, ірі қара ұстау да қиынға түсті. Сол себепті мал басы айтарлықтай азайды. Қазіргі күні Ресейден ингредиенттер ретінде йогурт джемдері мен қаптамалар ғана сатып аламыз. Алайда рубль бағамының өсуіне байланысты ол да қымбаттап жатыр. Бұл да өнім бағасына әсер етеді, – дейді «Гормолзавод» ЖШС директоры Ерсайын Жақсылықов.
Күріш Қызылордадан 370 теңге көтерме бағамен түсті. Пияз бағасы 310 теңгеден түспей тұр. Өйткені Жамбыл және Түркістан өңірлерінен ол негізінен елден тыс жерлерге жіберіледі. Алайда, мамандар өнім көбейген сайын баға төмендеуі керек деп болжайды.
Тұрақтандыру қорына 272 тонна күріш сатып алынды, ол 29 сауда нүктесінде сатылады. 4 «KOKSHE-MARKET» дүкенінде, 8 «Инмарт» дүкенінде және Көкшетау қаласы мен аудандардың 17 дүкенінде 340 теңгеден босатылады, – деп толықтырды «Kokshe» ӘКК АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Саят Сыздықов.
Тәжікстан Үкіметімен жеміс-көкөніс өнімдерін, оның ішінде ай сайын 400 тонна көлемінде пияз жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Оның алғашқы партиясы босатылды. Өнімді ӘКК әлеуметтік дүкендері мен көтерме жеткізуші арқылы өткізу жолға қойылуда.
Жыл басынан бері қант ел бойынша 78,9%-ға өсті. Облыста қант бағасының өсуі 73,5 пайызды құрады. Бил қант бағасы өндірушілердің өзінде өте жоғары. Облыста қант өндірілмейді, өнімнің көп бөлігі Ресейден әкелінді. Үкімет қабылдаған шаралар нәтижесінде қантқа байланысты дүрлігу басылып, бір жарым айдан кейін импорт пен қазақстандық зауыттардағы өндірістің ұлғаюы есебінен жағдай түзелуі тиіс, – деп атап өтті Жаслан Айдрахманов.
Бағаны заңсыз көтерген кәсіпкерлерге қатысты шаралар қабылдау үшін тұтынушылар жазбаша өтініштермен жүгінуі, әкімдікке чек, баға белгілері бар фотосуреттерді қоса беруі тиіс.
Тұрақтандыру қорындағы қант Көкшетаудағы 20 дүкенде және облыс пен аудан аумағындағы 17 дүкенде босатылады. Оған қоса, шілде айының соңына дейін Көксу қантының 450 теңгеден үш вагонын жеткізу жөнінде (204 тонна) келісімшарт жасалды. Ал тамыз айының соңына дейін Азық-түлік корпорациясынан 454 теңгеден тағы үш вагон үнді қанты жеткізіледі деп күтілуде. Жақында аудандарға тұрақтандыру қорының өнімдерін тасымалдауды бастадық. Ақкөл, Жақсы, Атбасар, Ерейментау, Есіл аудандары мен Қосшы қаласының кәсіпкерлерімен меморандумдар жасалды. Айталық, «Зеренді маркет» дүкенінде Көкшетауда сатылатын барлық өнімдер бар, – деп толықтырды Саят Сыздықов.