Ақмола облысында жыл басынан бері жолаушыларды рұқсат құжаттарынсыз тасымалдаудың 440 дерегі тіркелді. Барлық заңсыз тасымалдаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәселен, 21 тамыз күні Астана – Петропавл автожолының 243-шақырымында патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушісі рұқсат құжаттарынсыз жолаушыларды тасымалдап бара жатқан көлікті тоқтатты. Тексеру барысында оның әр жолаушыдан 6 мың теңгеден алып отырғаны анықталды. Жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай әрекеттер заңнаманы бұзумен қатар, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Себебі заңсыз такси жүргізушілері көбіне көліктің техникалық жағдайына, қауіпсіздік талаптарына мән бермейді.
Полицейлер тұрғындарға жолға шығар алдында жүргізушінің лицензиясын тексеріп, әсіресе қалааралық сапар кезінде заңсыз қызметке жүгінбеуге кеңес берді.