Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақмола облысында 177 ауыл ауызсумен қамтамасыз етілмек

4 Қараша 2022, 23:26
1566
Бөлісу:

Ақмола облысында 2025 жылға дейін 177 ауыл таза ауызсумен қамтамасыз етілмек. Аталған мақсатта 68 ауылда су құбыры желілерінің құрылысы басталып, бүгінде 30 ауылда жобалық-сметалық құжаттамалар аяқталып қалған. Қалған ауылдарда құжаттар әзірлену үстінде. Бұдан бөлек, тағы 72 ауылда сумен қамту үшін арнайы кешенді блок-модульдар орнатылады. Ал 37 ауылға сүзгілі ұңғымалар қазылып, су беру бекеттері қойылмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ aikyn.kz-ке сілтеме жасап.

Шалғай жатқан ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету «Қуатты өңірлер – ел дамуы­ның драйвері» ұлттық жобасы бағдарламасы шеңберінде жүзеге асыру жос­пар­ланыпты. Мемлекет басшысы аталған бағдарламаға сәйкес 2025 жылға дейін барлық қазақстан­дықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз ету міндетін жүк­теген. Бүгінгі күнгі деректер бойынша, Ақмола облысы қалаларында тұр­ғындардың 95,3 пайызы қамтамасыз етілсе, ауылды жерлердегі тұрғындардың қамтылуы 89,3 пайызға жеткен.

Тиісті ведомстволар ұсынған деректерге сенсек, қалаларды ауызсумен қамтудың жос­пар­дағы көрсет­кішіне құны 3,6 миллиард тең­геге бағаланған 3 жоба аясында қол жет­кізіліп отыр. Жобаны аяқтау үшін рес­публикалық бюджеттен 1 миллиард теңге қаражат бө­лінген. Ауылды елді мекендердегі сумен қамтасыз ету көрсеткіші 89,7 пайызға көтерілген.

Жыл соңына дейін аталған көрсеткіш 4,4 миллиард теңгеге бағаланған 10 жобаны жүзе­ге асыру есебінен қол жеткізу көзделіп отыр. Осылайша, тағы 6,5 мың ауыл тұрғыны орта­лық­тандырылған таза ауызсумен қамтамасыз етіледі. Жобаларды аяқтау үшін биыл 2 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар ауыл халқын сумен қамтуды қамтамасыз ету үшін 13 жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде. Атап айтқанда, 6 нысанның құры­лысы салынса, жетеуі қайта жаңғыртудан өтеді. Аталған жобалар осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс, – дейді Ақмола облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев.

Ведомство мәліметінше, өңірдің 18 елді мекенінде жерасты су қорының қаншалықты көлемде екенін анықтау мақсатында гео­логия­лық-барлау жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. Аталған мақсатқа бюджет қоржынынан 370,2 миллион теңге қаражат бөлінген. Биыл бұл жобалардың бесеуі аяқталса, келер жылы тағы 13 ауылда жұмыстарды аяқтау жос­парланып отыр.

Басқарма басшысы жоспарланған 177 ауылды 2025 жылға дейін ауызсумен қам­тама­сыз ету үшін жүзеге асырылуы тиіс жұмыс­тарды атап өтті.

68 ауылда сумен қамту желілері салына­ды. Қазір 30 ауылда жобалық-сметалық құжаттар жасалған. Биылғы жылдың соңына дейін 5, ал 2023 жылы – 18, ал 2024 жылы тағы 15 ауылда жобалық құжаттамалар аяқталмақ. 37 ауылда су беру бекеттері орнатылып, сүз­гілі ұңғымалар қазылады. Оған қоса, Мемле­кет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімдігі «Көкшетау қала­сында су құбырын тазарту қондырғыларын кеңейту және жаңғырту» атты жаңа жобаны жүзеге асырмақ. Мердігер болып Саspiаn Соntractors Тгust компаниясы анықталды. Жобаға сәйкес, суды залалсыздандыру кон­тей­нер­лерде сұйық хлорды қолданып іске асыру қарастырылған. Жоба жүзеге асырылса, Көкшетау тұрғындарын толығымен қажетті мөлшерде сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру 2024 жылға жоспарланып отыр, – деп толықтырды Данияр Қуанышбаев.

Өзгелердің жаңалығы