Ақмола облысының Ынтымақ ауылында 14 жастағы қызды өлтірді деген күдікті қолға түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полиция қызметкерлері Целиноград ауданы Ынтымақ ауылының 14 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдіктіні бір тәулікке жеткізбей анықтады.
Қылмыс жасағаннан кейін ер адам қашып құтылуға тырысқан. Алайда жедел іздестіру шаралары барысында ұсталды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаға қатысты тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр, - деді Ақмола облысының ПД бастығының м.а. полиция полковнигі Ерлан Ақбаров.
Еске салайық, қыз бала пышақ жарақатынан көз жұмған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сотқа дейінгі тергеу барысында болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Полицияның айтуынша, күдікті заң аясында қатаң жазаланады.