Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тікелей жеткізу бойынша жергілікті кәсіпорындармен келісімшарттар жасалуда.
Үкімет отырысында елдегі азық-түлік тауарларының, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміндегі 19 атаудың бағасының көтерілуі талқыланды. Осы ретте өңірде бағаны тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды енгізу әдістемесін бекітті. Бұл инфляцияның белгіленген дәлізі шеңберінде дүкен сөрелеріндегі бағалардың өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Сауда үстемесінен асып кету фактілерін анықтау мақсатында күнделікті баға мониторингі жүргізіледі. Өнім беруші не өндіруші белгілеген бағасынан 15%-дан аспауға тиіс. Мысалы, егер картоптың бір келісі 100 теңгеден түссе, бөлшек саудада115 теңгеден артық емес бағада сатылуы тиіс. Құқық бұзушыларға ескерту түріндегі жауапкершілік шаралары қолданылады, қайталап бұзған жағдайда айыппұл санкциялары қарастырылған, - дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ербол Оспанов.
Оның айтуынша, бағаның өсуінің тағы бір себебі – тауарлардың құнын едәуір арттыратын делдалдардың ұзақ тізбегі. Азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, қайта өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда саласындағы кәсіпкерлердің қатысуымен мониторингті талдауды Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған облыс әкімдігі жанындағы комиссия жүзеге асырады. Нәтижесінде сауда желілеріне тауарларды тікелей жеткізу жолға қойылады. Өнім сауда нүктелеріне делдалсыз жеткізіледі.
Өңірде «айналым механизмі» шеңберінде азық-түлік тауарларының 9 түрі бойынша 1,6 млрд теңгеге «Гормолзавод» ЖШС, «Блиц Терминал» ЖШС сияқты жергілікті кәсіпорындармен келісім-шарттар жасалды. Шын мәнінде бұл – өндірушілерге немесе ірі бөлшек сауда желілеріне айналым қаражатын толықтыруға пайызсыз несие, ал өз кезегінде бизнес белгілі бір тауарға белгіленген бағаны ұстап тұруға міндеттенеді. Облыс орталығындағы «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» тұрақтандыру қоры жұмысын жалғастыруда. Оның өнімдері тұтынушылар үшін төмен бағамен қолжетімді. Тұрақтандыру қорына 3 мың тоннадан астам азық-түлік (ұн, қант, жарма және көкөністер, басқа да азық-түлік тауарлары) сатып алынды, тағы 6 мың тонна тауарға келісімшарт жасалды. Тауарлар жергілікті бюджет есебінен салынған «Kokshe Market» төрт әлеуметтік дүкенінде сатылады, - дейді басқарма басшысы.
Облыс бойынша өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде делдалдар жоқ, өнім тікелей өндірушілермен сатылады, сондықтан 10-15% арзан.
Жалпы, қабылданып жатқан шаралар Мемлекет басшысының инфляцияның өсуін тежеу жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді.Мәселен, жыл басынан бері облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарларға баға индексі 0,2%-ды құрады, бұл орташа республикалық көрсеткіштен (0,3 пайыз) төмен және ол бойынша облыс республика бойынша 6-орында тұр, - дейді Ербол Оспанов.
ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне 19 атау енгізілген: бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты бидай наны (формалы), макарон, қарақұмық жармасы, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр, тауық еттері, 2,5% пастерленген сүт, майлылығы 2,5% айран, 72,5% сары, тауық жұмыртқасы, ас тұзы, сүзбе 5-9 %.