Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева Аршалы ауданы Анар ауылында Анаркөл көлінің бөгетін қайта жаңғырту жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Анаркөл көлі ауылдық округтің мыңнан астам тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Өткен ғасырдың ортасында салынған ауыл мен көл арасындағы бөгет әбден ескірген. Оның ұзындығы 1300 метрді құрайды. Ауыл тұрғындарын тасқын судан қорғауға қауқарсыз. Осыған байланысты былтыр қайта жаңғырту жұмысы басталып, бүгінге дейін айналма каналдың бір бөлігі тазартылды. Бөгет қабырғасы нығайтылып, 6 метрге дейін кеңейтілді. Ондаған техника жұмылдырылып, қиыршық тас пен сазды топырақты қоса алғанда, 21 мың тоннадан астам құрылыс материалы жеткізілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда “Ана тілі” газетіне берген сұқбатында атап өткендей, былтыр жойқын су тасқыны болды. Зардап шеккендер қатарында Аршалы ауданы да бар. Сондықтан алдағы көктемге дайын болуымыз керек. Мәжілісте жаңа Су кодексінің жобасы қаралып жатыр. Мемлекет 2030 жылға дейін 40-тан астам жаңа су қоймасын салу және ел аумағында жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасын жөндеу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр, – деді Наталья Дементьева.
Жалпы 2025 жылы Анаркөл көлі бөгетінің төменгі бөлігінде 15 су өткізу құрылысын орнату жоспарланған. Олар көлдің толуына және қорғаныс бөгетінің шайылып кетуіне жол бермейді. Жұмыс AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр және партияның ерекше бақылауында.
Сонан соң депутат азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.