Ақ бантик, соңғы вальс, қимастық: Мектептерде соңғы қоңырау соғылды

Түлектер балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты

Бүгiн 2026, 13:17
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова Бүгiн 2026, 13:17
Бүгiн 2026, 13:17
124
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

25 мамыр күні еліміздің барлық мектебінде соңғы қоңырау соғылып, 2025-2026 оқу жылы аяқталды. Бұл күн әсіресе 11-сынып түлектері үшін ерекше есте қалды. Он бір жыл бойы білім мен тәрбие алған оқушылар мектеппен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алды.

BAQ.KZ тілшісі елордадағы мектептердің бірінде болып, түлектердің мектеппен қоштасқан әсерлі сәтіне куә болды.

Биыл Қазақстан бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын тәмамдаса, оның 215 мыңнан астамы мектеп бітіруші түлек атанды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мыңға жуық түлек үміткер болды. Сонымен қатар еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етті.

Елордадағы Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM SCHOOL мектебінде өткен салтанатты шара да ерекше эмоцияға толы болды. Әсем безендірілген мектеп ауласында жиналған түлектер, ұстаздар мен ата-аналар көздеріне жас алып, балалық шақпен қоштасты.

«Мектеп деген – үлкен өмір жолы»

Салтанатты жиында сөз сөйлеген мектеп директоры Мадияр Әзімбай түлектерге ақ жол тілеп, олардың жетістігі ұстаздар мен ата-аналардың еңбегі екенін айтты.

Бүгін сіздер үшін ерекше күн. 11 жылдық мектеп жолын аяқтап жатырсыздар. Алдағы өмірлеріңізде еңбекқорлықтарыңыз бен адами қасиеттеріңіз сіздерді әрдайым биікке жетелей берсін. Біз сіздерді әрқашан мақтан тұтып жүретіндей болайық. Ата-аналарыңыздың сенімін ақтаңыздар. Сіздердің әр жетістіктеріңіздің артында ұстаздарыңыздың еңбегі тұр, – деді мектеп басшысы.

Мектеп директоры түлектерге ҰБТ-ны сәтті тапсырып, армандаған мамандық иесі болуға тілектестік білдірді.

«Бүгін балаларымыз балалық шақпен қоштасты»

Соңғы қоңырауда ата-аналар қауымы да ерекше толқыды. Аталар комитетінің төрағасы Лаура Мұхтарқызы бұл күннің ата-аналар үшін де аса маңызды екенін айтты.

Бүгін біз үшін өте толқынысты әрі бақытты күн. Әсіресе тұңғышын мектептен шығарып жатқан ата-аналар мені жақсы түсінеді деп ойлаймын. Осыдан бес жыл бұрын бұл мектепке алғаш келген сәттеріңіз естеріңізде шығар. Қандай орта болатынын, кім сабақ беретінін білмедіңіздер. Бүгін сол балалар үлкен өмірге қадам басып тұр. Қателіктерден қорықпаңыздар. Әр қателікті тәжірибе ретінде қабылдаңыздар, – деді ол.

Сонымен қатар ата-аналар мектеп ұжымына, ұстаздарға және мектеп басшылығына алғыс білдірді.

Салтанатты жиынға қатысқан AMANAT партиясы “Бірлік” аумақтық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Ақтайлақова оқу жылының аяқталуымен құттықтап, ұстаздар қауымының еңбегін ерекше атап өтті.

Біздің мектебіміздің бес жылдық тарихы бар. Осы уақыт ішінде мектеп үлкен білім ордасына айналды. Барлық ұстаздарға қажырлы еңбектері үшін алғыс айтамыз. Сонымен қатар балаларға әрдайым қолдау білдіріп жүрген ата-аналарға да ризашылығымызды білдіреміз, – деді ол.

Сондай-ақ ол AMANAT партиясы атынан арнайы құттықтау хат табыстап, түлектерге ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетуге тілектестік білдірді.

«Білім кілті» келесі буынға табысталды

Мерекелік шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – «білім кілтін» табыстау рәсімі болды. Дәстүр бойынша 11-сынып түлектері мектептің символикалық білім кілтін 10-сынып оқушыларына тапсырды.

Түлектердің бірі мектеп туралы тебірене сөйлеп, білім ордасының өз өміріндегі орны ерекше екенін айтты.

Мектеп маған тек білім емес, өмірге деген көзқарас, мінез, арман сыйлады. Мектеп мені шыңдады. Осы киелі кілтті бізден кейінгі буынға сеніммен табыстаймыз, – деді түлек.

Ал 10-сынып оқушысы бұл аманаттың үлкен жауапкершілік екенін айтты.

Бұл кілт – тек білімнің емес, сенім мен мектеп рухының белгісі. Біз мектеп абыройын биік ұстап, білім жолында аянбай еңбек етуге уәде береміз, – деді ол.

Мектеп вальсі мен қоштасу әндері

Соңғы қоңырау кеші мектеп вальсімен жалғасты. Әсем әуен ырғағымен вальс билеген түлектер балалық шақпен қоштасудың ең әсерлі сәтін сыйлады. Ата-аналар мен ұстаздар көздеріне жас алып, оқушыларды ұзақ қол соғып қошеметтеді.

Мектеп сахнасында оқушылар ән айтып, мектеп туралы естеліктерін бөлісті. Оқушылар көңілді ән мен билерін түлектерге тарту етті.

Сондай-ақ салтанатты шара барысында барлық 11-сынып жетекшілері сахнаға шақырылып, оқушылар оларға ерекше құрмет көрсетті.

Сынып жетекшісі – тек ұстаз емес, әр баланың өміріндегі ең жақын жанның бірі.

«Соңғы қоңырау – жаңа өмірдің бастауы»

Шара соңында көптен күткен әрі ең толқынысты сәт – соңғы қоңырау соғылды. Түлектердің қолдарындағы қоңыраулар соғылып, мектеп ауласын ерекше атмосфераға бөледі.

Соңғы қоңырау – аяқталу емес. Бұл жаңа мүмкіндіктер мен үлкен жетістіктерге бастайтын жолдың бастауы.

Осылайша елордалық түлектер алтын ұя мектебімен қоштасып, жаңа өмірге қадам басты. Алда – ҰБТ, студенттік өмір, жаңа арман мен жаңа белес.

Наверх