Апатты мектептерден әлі құтылған жоқпыз

Кеше, 20:30
161
Бөлісу:
Апатты мектептерден әлі құтылған жоқпыз
Фото: pixabay.com

Қазақстанда екі жылда 32 апатты және 71 үшауысымды мектеп мәселесі шешімін тауып, ел аумағындағы 200 мектепте оқушы орны тапшылығы жойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, осы уақыт аралығында қолданысқа берілген мектептердің рекордтық саны ықпал етті – жарты миллион оқушы орнына арналған 422 мектеп салынды. Қазіргі таңда елімізде 8000-ға жуық мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 3 мыңға жуық мектеп бір ауысымда, 4,7 мың мектеп екі ауысымда білім беріп келеді. 

Үшауысымда оқытатын мектептер саны 64, яғни бұл ел аумағындағы мектептер санының 0,7 пайызы және 42 апатты мектеп бар. 

Ол ірі қалаларда және олардың іргелес агломерацияларында байқалады: Астана, Алматы және Шымкент, Түркістан және Алматы облыстарында. 

Оқушы орындарының тапшылығы, үшауысымды оқыту және апаттық мектептер мәселесін шешу, сондай-ақ қалалар мен ауылдар арасындағы білім беру инфрақұрылымы сапасының айырмашылығын төмендету мақсатында елімізде мектеп құрылысын жүргізу және реновациялау бойынша бірқатар бастамалар қарқынды іске асырылуда. 

Мектептердің құрылысы "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен, Білім беру инфрақұрылымын қаржылай қолдау қоры арқылы және жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылуда. Биылғы жылы елімізде 300 мың орындық 200-ге жуық мектептің құрылысы жүреді. Бұл шаралар 2026 жылға дейін оқушы орнының тапшылығын толықтай жоюға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы