Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы №4 көпфункционалды ауруханада достары мен туыстарының халін білуге келген жандар өте көп. Солардың бірі Руслан Тоқанов есімді азамат. Ол досы Абай Нұрбековтен айырылғанына қайғыруда.
Бүгінгі құлаған ұшақта менің жан досым Абай Нұрбеков отбасымен бірге ұшқан. Құдай сәтін бермей досым ауылына жете алмады. Досымның туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Қайғыдан жүрегіміз қақ жарылып, кеудеміз өксікке толы болып тұр, - дейді ол.
Оның айтуынша, дос төрт баласын алып Арқалықтағы ата-анасына бармақ болған.
Әйелі әртүрлі жарақаттармен, яғни аяқ-қолы сынған. Осы 4 ауруханаға жеткізілген. Балаларын қаладағы №1 Балалар емхансына апарыпты, олардың халін біліп келдім. Шүкір жағдайлары қалыпты, дәрігерлер жақсы болады деп жатыр. Өкінішке қарай Абай досымыз көз жұмды, - дейді ол.
Сөз арасында ол Абай досын соңғы рет кеше көргенін және әдеттегідей көңілді болғанын жеткізді.
Ол аңқылдаған өте керемет азамат еді. Жасы небәрі 37 ғана. Екеуіміз Алматы энергетика және байланыс университетінде оқығанбыз. Ол өз мамандығының білгір маманы еді. Алматыда жұмыс істейтін, неге екені белгісіз ата-анасына баруға қатты асықты. Кеше ғана “ертең таңерте 7-де ұшам, 8.30 Нұр-Сұлтанға жетем" деп асығып отырды. Жаңа жылды отбасымен сонда қарсы алмақ болды. Біз отбасымызбен жақсы араласып тұрдық. Бұл жағдай мен үшін өте ауыр болды, - дейді ол.
Русланға таңертең бір досым қоңырау шалып, ұшақ құлағанын айтып, “бұл Абай отырған ұшақ емес па” деп сұрапты. Ол бірден досына қоңырау шалған.
Ешкім көтермеген соң әйеліне хабарластым, ол да телефонын көтермеді. Содан Абайдың осындағы інісіне қоңырау шалып едім ол ұшақ құлаған жерде жүргенін және төрт баласының екеуін таба алмай жатқанын айтты. Кейін балалардың бәрін ауруханға жеткізіпті, - дейді ол.
Дәрігерлердің айтуынша, №4 ауруханаға 19 адам жеткізілген, олардың 11-нің халі нашар екен.
Бүгінгі апатқа байланысты зардап шеккендердің туыстарына көңіл айтамыз. Таңнан бері 6 адамға операция жасалды. Сегіз науқа реанимация бөлімінде. 2 науқас көз жұмды. Клиникада штаб құрылды, - дейді №4 қалалық аурухананың бас дәрігері міндетін атқарушы Айман Байзалданова.