Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбайды қабылдады.
Келіссөздер барысында 2021 жылғы қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің 6-шы кездесуіне дайындық мәселелері талқыланды.М.Тілеуберді АӨСШК институционалдық трансформациясы бойынша дәйекті жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, ол алдағы министрлік кездесу барысында өңірдегі және әлемдегі өзгеріп отырған геосаяси ахуал жағдайында ерекше өзекті болып табылатын АӨСШК сенім шараларының жаңартылған каталогын қабылдаудың маңыздылығына назар аударды.
Өз кезегінде, Қайрат Сарыбай ҚР-дың АӨСШК-ке төрағалық ету тұжырымдамасын іске асыру барысы және 2022 жылы Кеңестің 30-жылдығы шеңберінде жоспарланып отырған іс-шаралар туралы хабардар етті.
Қазақстандық төрағалықтың бастамаларын имплементациялау арқылы АӨСШК-тің әлемдік аренада танылу деңгейінің артуы атап өтілді.